7-қысқы Азиада өтетін спорттық нысандар сапалы ұялы байланыспен қамтамасыз етілді - Н. Еськова

АЛМАТЫ. 21 қаңтар. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыдағы 7-қысқы Азия ойындары өтетін спорттық нысандар шетелден келген қонақтар мен барлық жанкүйерлерге сапалы ұялы байланыс пен жылдамдығы жоғары интернет қызметін көрсетеді.

7-қысқы Азиада  өтетін спорттық нысандар сапалы ұялы байланыспен қамтамасыз етілді - Н. Еськова

Бұл жайында бүгін GSM Қазақстан/Kcell компаниясының қоғаммен байланыс бөлімінің бас маманы Наталья Еськова спорт кешендеріндегі байланыс құралдарының дайындығын БАҚ өкілдеріне таныстыру кезінде айтты.

Аталған шара барысында журналистер «Медеу» мұз айдыны, Халықаралық шаңғымен тұғырдан секіру кешенінде және Солдат сайда орналасқан шаңғы-биатлон стадионында болып, спорттық нысандарда орнатылған жабдықтармен танысып, байланыс сапасын тексеріп көрді.

Н. Еськованың айтуынша, GSM Қазақстан/Kcell компаниясы Астана мен Алматының Азиада нысандарына 62 қосымша базалық стансы орнатқан, яғни желілер сыйымдылығын арттырған. Бұл ойын кезіндегі байланыста туындауы мүмкін ақуалдардың алдын алуға арналған. «Қысқы Азия ойындары кезінде қонақтар мен жанүйерлерге сапалы ұялы байланыс пен жедел ұялы интернеттен басқа, он-лайн жаңалықтар, қоңырау үшін тегін әуендер сынды өзекті де қызықты ақпарат алу үшін қосымша қызметтер ұсынылатын болады», -дейді Н. Еськова.

GSM Қазақстан/Kcell компаниясының желіні оптимизациялау ісі жөніндегі инженері Бақыт Зупинов аталған спорттық нысандармен шетелдік қонақтар жайғасатын қонақүйлердің барлығы байланыстың жаңа стандарты 3G мен қамтамасыз етілгендігін айтады. «Ұялы телефондары 3G байланысына қосылған адамдар бір-бірін көре алатын бейнелі қоңырау шала алады әрі бұл интернет қызметінің жылдамдығын арттырады», -дейді Б. Зупинов.

3G байланыс түрі кең көлемді ақпараттарды интернет арқылы жылдам жіберуге көмектеседі, бұл ойын барысында БАҚ өкілдерінің ақпарат беру жұмысын біршама жеңілдетері анық.