7-Қысқы Азиада ойындарының еріктілері «Қазақстан алға!» атты акция өткізді

АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстан алға!» деген ұранмен акция өтті.

7-Қысқы Азиада ойындарының еріктілері «Қазақстан алға!» атты акция өткізді

Акция барысында сөз алған ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жастар саясаты департаменті директорының орынбасары Ермек Жантоқов министрлік тарапынан ЖОО-ларға арнайы хат әзірленіп, Азиада барысында қызмет көрсететін студенттердің емтихандары кейінге шегерілгенін атап өтті.

«Сондықтан да біз сіздерді Азиада ойындарында жақсы қызмет көрсетіп, Қазақстанның абыройын жоғары көтереді деп сенеміз. Сонымен қатар біздің спортшыларымызбен бірге үздік нәтижелерге қол жеткізетіндіктеріңізге сенім артамыз», - деді ол.

Сондай-ақ Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Зиябек Қабылдин, Қазақстан-Ресей университетінің ректоры Әбдіғали Жандығұлов сөз сөйлеп, еріктілерге сәттілік тіледі.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, 7-Қысқы Азиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің өкілдері қатысты.

7-қысқы Азиада ойындарында қызмет көрсететін еріктілер тобының қатысуымен өткен шараның негізгі мақсаты - жас буынның патриоттық рухын көтеру, қазақстандық еріктілер қозғалысының деңгейін арттыру.