7-қысқы Азия ойындарын өткізуге арналған тауарларға баж салығы салынбайды - Кеден қызметі

АСТАНА. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астана мен Алматы қалаларына әкелінетін 7-қысқы Азия ойындарын өткізуге арналған тауарларға баж салығы салынбайды.

7-қысқы Азия ойындарын өткізуге арналған тауарларға баж салығы салынбайды - Кеден қызметі

Бұл туралы бүгін Астана қаласының Кедендік бақылау департаментінде брокерлік компаниялардың қатысуымен өткен қоғамдық косультативтік кеңесте Кедендік бақылауды ұйымдастыру басқармасының бастығы Биболат Сейпілов айтты.

«Бүгінгі уақытта Қысқы Азия ойындарын өткізу бойынша дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Елорданың кедендік қызметі шетел азаматтарын бірінші болып күтіп алады. Кедендік бақылау және рәсімдеу шараларының қаншалықты ыңғайлы әрі тиімді өтуіне қарап, олардың Қазақстан жөніндегі алғашқы пікірі қалыптасады. Керек десеңіздер, қысқы Азия ойындарының сапалы өткізілуі және мемлекетімізідің беделі соған байланысты», - дейді Б. Сейпілов.

Оның айтуынша, ауыр жүк, багаждар және қол жүктері басымдықты түрде рәсімделетін болады. «Оған қоса, Кедендік одақтың жоғары органы болып табылатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық кеңесінің шешімі бойынша, Астана мен Алматы қалаларына әкелінетін 7-қысқы Азия ойындарын өткізуге арналған тауарларға, акцизделген тауарлардан басқасының барлығына, кедендік баж салығы салынбайды», - деп атап көрсетті ол.

7-қысқы Азия ойындарын өткізу барысында Астана қаласында «Астана-кедендік рәсімдеу орталығы» және «Әуежай-Астана» кедендік бекеттерінің қызметі іске қосылады.

Соған орай, елорданың Кедендік бақылау департаменті Азия ойындарының өтуі барысында «Әуежай-Астана» кедендік бекетінің кезекшілік ауысымының штатын көбейту және ол жерлерде департамент қызметкерлері ішінен жауаптыларды тағайындау мәселелері шешілген.