7-қысқы Азия ойындарына келуі жоспарланған 10 мың шетелдік туристің 5 мыңы ғана келді - А.Құлназаров
АСТАНА. 10 наурыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 7-қысқы Азия ойындарына келуі жоспарланған 10 мың шетелдік туристің 5 мыңы ғана келді.
Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында «2011 жылғы 7-қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ президенті Анатөлі Құлназаров мәлім етті.
Оның атап көрсеткеніндей, Қазақстанда байрағын желбіреткен Қысқы Азиаданы өз көзімен тамашалау үшін 19 мың адам аккредитация жасатқан. «Шет елдердің өзінен 10 мыңнан астам турист келеді деп күтілді. Іс-жүзінде олардың саны 5 мың болды. Өкінішке қарай, күтілгендей болмады, «ресми» жағы басым болды», - деді ол.
Анатөлі Құлназаровтың сөзіне қарағанда, Ойындарға араб елдерінің өзінен 3-4 мың шамасында қонақ келеді деп жоспарланды. Атқарушы дирекция олардың тіпті, аты-жөндеріне дейін тізіп жазып алған. Оларға Алматы мен Астананың мейманханаларынан орындар дайындалды. Ашылу салтанатына қатысуды қалаған соң, олардың кіру билеттері соңғы уақытқа дейін сатылмады. «Біз соңғы уақытқа дейін Араб елінен чартерлік рейспен қонақтардың келуін тостық», - дейді ол.
Құлназаровтың сөзіне қарағанда, ресми тұлғаларды әуежайдан күтіп алу, оларды қажетті нысандарға дейін жеткізіп салып, ерекше қонақжайлық көрсететін арнайы компания да құру жоспарланған көрінеді.
Атқарушы дирекция президенті сондай-ақ, Азия ойындарының ашылуы мен жабылу салтанаттарына билеттердің сатылым үрдісіне қанағаттанбағандығын білдірді. «Билеттердің сатылымы нашар болды. Алматыда Ойындардың жабылуы өткен Б.Шолақ атындағы сарайда шығыс мінбе декорациялармен жабық тұрды. Ашылуында 30 мың билеттің тек 18 мыңы ғана сатылды», - деді ол.