7-Қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылуы мен жабылу рәсімдеріне билеттерді жаппай сату басталды

АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше, 27 желтоқсан күні кешқұрым 2011 жылы Қазақстанда өтетін 7-Қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылуы мен жабылу рәсімдеріне билеттерді жаппай сату басталды.

7-Қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылуы мен жабылу рәсімдеріне билеттерді жаппай сату басталды

Билеттерді сату кассалары Алматыда - 9, Астанада - 11 жерде орналасқан. Сондай-ақ Қазақстанның қалған барлық 14 өңірінде билеттерге тапсырыс беру қызметтері жұмыс істейді. Билеттерді сонымен бірге, он-лайн түрінде www.astana-almaty2011.kz ресми сайтынан және www.meloman.kz интернет-порталынан сатып алуға болады. Он-лайн режімінде алынған билеттерге төлем, сату кассаларына не болмаса халықаралық төлем жүйелері арқылы жүргізіледі.

Ойындардың салтанатты ашылуы 2011 жылғы 30 қаңтар күні кешкі сағат 18.00-де Астана қаласындағы «Астана-Арена» стадионында (30 мың орын) өтеді. Билеттердің бағасы - 7500-15000 теңге аралығында. Ойындардың жабылу рәсімі 6 ақпан күні Алматы қаласындағы Б.Шолақ атындағы мәдениет және спорт сарайында өтеді (5 мың орын). Билеттердің бағасы - 4500-12000 теңгеге дейін.

Іс-шараларға кіргізу қатаң түрде штрих-кодтары бар билеттермен ғана жүзеге асырылады. Олардың түпнұсқалығы арнайы сканер арқылы тексерілетін болады. Көрермендер залына кіреберісте сондай-ақ, рұқсат етілмеген заттарға тексеріс жүргізу қарастырылып отыр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты Тәуелсіз Қазақстан мен Азия ойындарының тарихындағы ең әсерлі шоу-бағдарлама болады. Оған ел басшылығы, Достастық елдердің басшылары, Халықаралық олимпиада комитетінің және Азия олимпиадалық кеңесінің президенттері және басқа да құрметті қонақтар қатысады. Ойындардың ашылуына сатылатын билеттер көрермендерге «Астана-Арена» стадионына жетуге болатын толық ақпараттары бар арнайы мұқабаға салынады.

Ал Ойындардың жабылу рәсімі барысында Ақ Азиаданың нәтижесі шығарылатын болады. Шара барысында, сондай-ақ Азия олимпиадалық кеңесінің байрағын келесі 8-Қысқы Азия ойындарын ұйымдастырушы елге салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтеді.