7-Қысқы Азиялық ойындардың алауы Талдықорғанға жетті

ТАЛДЫҚОРҒАН. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Сейсенбі күні сағат 20.00-де Өскеменнен Талдықорған қаласына 7-Қысқы Азиялық ойындардың алауы жеткізілді.

7-Қысқы Азиялық ойындардың алауы Талдықорғанға жетті

Азиада алауын әуежайда Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов, қала жұртшылығы және баспасөз өкілдері күтіп алды. Сол жерде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Ансар Мұсаханов алаудың Талдықорғанда үш күн болып, 27 қаңтар күні, эстафета қала көшелерімен жүріп өткеннен кейін, ұшақпен Қарағандыға жеткізілетінін хабарлады.

«Талдықорғанда Азиада алауы «Халық банкі» акционерлік қоғамының жергілікті филиалында сақталатын болады. Ал күндіз кез келген адам осында келіп, осынау қасиетті алауды көре алады. Тіпті ескерткішке суретке түсуге де рұқсат етіледі», - деді «Халық банкі» АҚ Талдықорған филиалының директоры Гүлмира Ахметова.

Алматы облысының алаугерлерінің қатарында облыс әкімі Серік Үмбетов, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Асхат Жіткеев, еркін күрестен, дзюдодан және грек-грим күресінен Олимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Мәулен Мамыров, Айдын Смағұлов және Нұрбақыт Теңізбаев, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Владимир Седов және т.б. бар.

Ал 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Алматы мен Астана қалаларында өтетін Азиада ойындарына Алматы облысының атынан биатлоншылар - Ванкувер Олимпиадасының күміс жүлдегері Елена Хрусталева мен Диас Кенешев, мәнерлеп сырғанаушы Абзал Рақымғалиев қатысады.