7 мамыр. Тұлғалар туған күн

календарь
Фото: ҚазАқпарат

Бүгін, 7 мамыр күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

68 жыл бұрын (1956) Д.А.Қонаев атындағы Халықаралық қор президенті

Эльдар Асқарұлы ҚОНАЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолы: 1978-1979 жылдары Қазақстан ҒА Ядролық физика институтының инженері, 1979-1983 жылдары Қазақстан ҒА Металлургия және кен байыту институтының инженері, кіші ғылыми қызметкері, 1983-1987 жылдары Алматы қалалық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, 1987-1988 жылдары Қазақстан кәсіподақтары республикалық кеңесінің нұсқаушысы, 1988-1989 жылдары Қазақ политехникалық институтының ғылыми қызметкері, 1989-1992 жылдары Қазақстан ҒА Металлургия және байыту институтының ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері, «Заман» шағын өндірісінің директоры қызметін атқарған. 1992 жылдан Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың вице-президенті, президенті, 1998-2001 жылдары Алматы облыстық Жоғары экономикалық кеңесінің бөлім бастығы, 2001-2004 жылдары ҚР Төтенше жағдайлар агенттігі Төтенше жағдайларды ескерту департаментінің директоры, ҚР Төтенше жағдайлар агенттігі төрағасының орынбасары. 2004 жылдан ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлар аймағын мемлекеттік бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары болған. 2010-2018 жылдары Қазақстан Республикасының Омбы қаласындағы консулы қызметін атқарды. 2018-2020 жылдары – Қазақстан Республикасының Брест қаласындағы консулы лауазымын атқарған.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақ теміржолының жүз жылдығы» (2004) медальдарімен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен (2006) марапатталған.

62 жыл бұрын (1962) Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Сатыбалды Телағысұлы ДӘУЛЕТАЛИН дүниеге келді.

Орынбор облысында туған (РКФСР). Қазақ политехникалық институтын (инженер-механик); Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы дипломатиялық академиясын (халықаралық қатынастар) тәмамдаған. Дж. Маршалл атындағы Еуропалық қауіпсіздікті зерттеу орталығында (2004) оқыған.

Еңбек жолы: 1978 жылы Ақтөбе қаласы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының токарь шәкірті, 1984-1986 жылдары Шымкент қаласы ұста-баспақ қондырғысын өндіретін өндірістік бірлестіктің бас конструкторы бөлімінің инженер-конструкторы, өндірістік оқыту шебері, әр жылдары Парламентте, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттікте жұмыс істей жүріп, мемлекеттің заңнамалық базасының қалыптасуына, сондай-ақ ҚР мемлекеттік қызметтің құрылуы және реформалануына тікелей қатысты. 2015 жылы ҚР Кәсіподақтар федерациясының Ұйымдастыру, кадр жұмысы және активтері департаментінің директоры орынбасары, 2015-2016 жылдары Кәсіподақтар федерациясы жүйесінің ұйымдарының жұмысшыларының «Ыңтымақ» жергілікті кәсіподағының төрағасы, 2016-2019 жылдары ҚР Кәсіподақтар федерациясының Әлеуметтік-экономикалық қорғау және еңбек инспекциясы департаментінің директоры, 2019-2020 жылдары ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған.

2020 жылдың мамырынан бастап ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасы қызметінде.

Мемлекеттік және халықаралық марапаттары: Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Құрмет» ордені.

60 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Керімханұлы АРЫНБАЕВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданы, Задарья совхохында дүниеге келген. 1990 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, 2017 жылы Ресейдің Ярославль қаласындағы Халықаралық психология ғылымдары академиясын «Психология ғылымдарының кандидаты-психология тарихы, жалпы психология» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1981 жылы Шымкент облысы Бөген ауданы Тимирязев атындағы шаруа қожалығы мал шаруашылғының слесары, 1981-1983 жылдары Шымкент облысы Задарья асыл тұқымды зауытының электромонтері, 1990-1992 жылдары Алматы қалалық №32907 әскери тергеу прокуратурасының тергеушісі, аға тергеушісі, 1992 жылы Алматы қаласы ішкі және шекара әскерлері Әскери прокуратурасының аға тергеушісі, 1992-1994 жылдары ҚР Әділет министрлігі Әскери соттар департаментінің инспектор-кеңесшісі, 1994-1995 жылдары ҚР Жоғары сотының Әскери алқасының сот тәжірибесін жалпылау бөлімінің инспекторы,аға консультанты, 1995-2008 жылдары Алматы горнизоны әскери сотының мүшесі, судьясы, төрағасы қызметін атқарған. 2008-2011 жылдары ҚР Әскери сотының судьясы, 2011-2013 жылдары Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық сотының төрағасы, 2013 жылы Астана қалалық №14776 әскери бөлімінің бөлім бастығы, 2013-2017 жылдары ҚР Қорғаныс министрлігі Заң департаментінің шарттық-құқықтық жұмыс бөлімінің бастығы, Заң департаменті бастығының орынбасары, Заң басқармасының бастығы, 2017-2018 жылдары ҚР Бас прокуратурасының заңды күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау қызметі жоғарғы сотқа қатысу басқармасының аға прокуроры, 2018-2019 жылдары ҚР Бас көлік прокуратурасының аппеляциялық жұмыс бөлімінің бастығы, 2019-2022 жылдары ҚР Бас прокуратура жанындағы кеңесшілер тобының бас прокурорының аға көмекшісі лауазымын атқарды. 2022 жылы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Төрағасының көмекшісі болды.

Қазіргі қызметін 2022 жылғы 13 қыркүйектен бастап атқарып келеді.

50 жыл бұрын (1974) Қазақстан Республикасы Парламенті МәжілісініңVIII шақырылым депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Қарақат Жақсылыққызы ӘБДЕН дүниеге келді.

Ақмола облысында туған. Алматы халық шаруашылығы, маркетинг және коммерция институтын бітірген.

Еңбек жолын ҚР Қаржы министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарында бастады. 10 жылдан астам ҚР Салық комитетінің Орталық аппаратында жұмыс істеді. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясында Ұлттық мемлекеттік саясат мектебі директорының орынбасары қызметін атқарды.

Астана қаласы мәслихатының VI шақырылым депутаты және мәдени-әлеуметтік даму бойынша комиссия төрағасының орынбасары болған. Астана қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша штаттан тыс кеңесшісі, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі болып еңбек еткен.

«Сәбилер үйі» мамандандырылған мекемесінің және қалалық балалар үйінің Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, балалар үйіндегі 15 тәрбиеленушінің менторы және тәлімгері болған.

2022 жылы «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» Республикалық қоғамдық бірлестігі атынан Қарақат Әбденнің кандидатурасы президент сайлауына ұсынылды. Сайлау қорытындысы бойынша 2,6 % көрсеткішпен үшінші орын иеленді.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

Қазіргі қызметіне 2023 жылы кірісті.

49 жыл бұрын (1975) Астана қаласының әкімі Жеңіс Махмұдұлы ҚАСЫМБЕКдүниеге келді.

Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын «сәулетші-дизайнер» мамандығы бойынша аяқтады. 2001 жылы Л. Н. Гумилёв атындағы Еуразия мемлекеттік университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолын 1997 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясында тағылымгер-зерттеуші болып бастаған. 1998-2000 жылдары ҚР монополияға қарсы саясат жөніндегі комитетінің бөлімін басқарды. ҚР ККМ Су көлігі департаментінің директоры болып жұмыс істеген. 2004-2005 жылдары «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» РМК директоры болды. 2005 жылғы қарашада оны Көлік және коммуникация вице-министрі етіп тағайындады. Содан кейін Көлік және коммуникация министрлігінің Жауапты хатшысы болды. Кейінірек Көлік және коммуникация министрі қызметін атқарған. Бұдан кейін Инвестициялар және даму министрі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып қызмет атқарған. 2019 жылы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары лауазымында жұмыс істеді. 2019-2022 жылдары Қарағанды облысының әкімі қызметінде болды.

2022 жылғы 8 желтоқсаннан бастап Президент Жарлығымен Астана қаласының әкімі болып тағайындалды.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Астананың 10 жылдығы» (2008) медальдармен марапатталған.

48 жыл бұрын (1976) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі Ләззат Тұяқбайқызы РЫСБЕКОВА дүниеге келді.

Орал қаласында туған. 1997 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін есепші-қаржыгер мамандығы бойынша 2001 жылы Алматы қаласы Қазақ мемлекеттік заң академиясын құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолы: 1997-1998 жылдары қаржылық бақылау басқармасы қызметтер саласы бөлімінің аға бақылаушы-тексерушісі, 1998-2003 жылдары «Қазақтелеком» АҚ бөлімшесі – Батыс Қазақстан облыстық телекоммуникация дирекциясының бухгалтерия балансын келтіру секторының есепшісі, әкімшілік-құқық қызметінің маманы, бөлімше бизнесін дамыту бойынша жетекші маманы, менеджментті дамыту бөлімінің жетекші маманы, менеджментті дамыту бөлімінің бастығы, шарттық-құқықтық жұмыс бойынша кеңесші заңгері, 2003 жылы Батыс Қазақстан прокуратурасының жалпы қадағалау басқармасының маманы, жемқорлықпен күрес бойынша топтың маманы, жалпы қадағалау басқармасы прокурорының көмекшісі, 2003-2011 жылдары бөлімшенің бизнесті дамыту бойынша маманы, ұйымдастыру бөлімінің бастығы, байланыс операторларымен келісу бөлімінің бастығы, 2011-2015 жылдары «Орал гуманитарлық колледжі» мемлекеттік емес мекемесінің қаржы директоры қызметін атқарған. 2015 жылдан бастап «Батыс Қазақстан облысы Іскер әйелдер ассоциациясы» ҚҰ төрайымы қызметінде.

Қазіргі лауазымын 2020 жылдың тамызынан бастап атқарып келеді.

Марапаттары: «Білім саласындағы инновация мен салт-дәстүрдің сақталуына қосқан үлесі үшін», Женева, Швейцария (2014); «Ұйымды басқарудағы жетістіктері үшін», Лондон, Ұлыбритания (2015).

Соңғы жаңалықтар