7 мамыр - Отан қорғаушы мерекесін белгілеу жас жауынгерлерге жігер береді - Ж. Ерғалиев

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңына толықтыру енгізу туралы» құжатты талқылау барысында сенатор Жабал Ерғалиев осылай мәлім етті. Еске салсақ, заң - 7 мамыр Отан қорғаушы күнін Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі ретінде белгілеуді қарастырады.
«Отанды қорғау әркімнің азаматтық борышы екендігі Ата заңымызда да айтылған. Олай болса, өзіміздің тәуелсіз еліміз бен кең- байтақ Отанымызды қорғаушылардың жыл сайын аталып өтілетін күнін белгілеу өте орынды. 7 мамыр - Отан қорғаушы күні мемлекеттік мерекесі біздің тәуелсіз еліміздің жауынгерлеріне жігер беріп, оларға деген халқымыздың сүйініші мен құрметін арттырып, өсіп келе жатқан жастарымыздың да өз Отанының қорғаушысы бола білуге деген құштарлықтарын оятпақ. Отансүйгіштік рухта тәрбие алуына әсері де зор», - деді депутат.
Сонымен қатар, сенатор Жабал Ерғалиев аталмыш мерекенің Ұлы жеңіс күні - 9 мамыр мерекесімен тұспалдас келуі, кешегі Отан қорғаушылардың ерліктері үлгісінде бүгінгі жастарды тәрбиелеуге жол ашады. «Ұрпақ сабақтастығының жалғаса түсер тұсы да осы ара», - дейді депутат.