7 мамырда Астана көгінде 56 ұшақ әуелейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2014 жылғы 19 наурыздағы Отан қорғаушылар күнін мерекелеу жөніндегі № 1362 нұсқауы бойынша Астана қаласында Әскери парад өткізіледі. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
7 мамырда Астанада Отан қорғаушылар күніне арналған Әскери парад өтеді
Әскери парад 2014 жылғы 7 мамырда Астана қаласындағы «Қазақ елі» алаңында өтеді. Парадқа Қорғаныс министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің және Республикалық ұланның парадтық есептоптары, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің, Ішкі істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрліктерінің әскери техникалары мен авиациясы тартылады. Әскери парадтың салтанатты маршының жаяу легіне 2 мыңға жуық әскери қызметші, оның ішінде ҚР Қарулы Күштерінің жеке құрамынан 1500 адам қатысады. Механикаландырылған колоннадағы әскери техника саны 250 бірлікті және жеке құрамда 566 адамды құрайды (механик-жүргізушілер, экипаждар, десанттар). Сондай-ақ парадқа 56-ға жуық ұшу аппараттары қатыстырылады.