7 мамырда елодада кейбір автобус бағдарлары ішінара өзгереді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 7 мамыр - Отан қорғаушы күнін мерекелеу кезінде елордада кейбір қоғамдық көліктердің қозғалысы өзгереді. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Әбдіхамит Тамабаев мәлім етті.

7 мамырда елодада кейбір автобус бағдарлары ішінара өзгереді

Оның сөзіне қарағанда, елордада әсери парадтың өтуіне орай бірқатар көшелерде қозғалыстың шектелуіне байланысты бірқатар қоғамдық көліктердің бағдары ішінара өзгереді.

Атап айтқанда, №3 бағыттағы автобустың қозғалыс кестесі Тәуелсіздік даңғылынан Б. Момышұлы даңғылына дейін шектеліп, одан әрі М. Жұмабаев көшесі арқылы «Сарайшық» тұрғын үй кешеніне дейін жүреді.

Ал № 4 бағыттағы автобустың қозғалысы Б. Момышұлы даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейін шектеледі.

№14 бағыттағы автобустың қозғалыс сызбасы Қ. Сәтбаев көшесінің бойымен (бұрынғы Л. Мирзоян көшесі) Ақыртас көшесіндегі соңғы аялдамаға дейін өзгереді.

«№ 19, 35, 40 бағыттардағы жолаушылар көлігінің қозғалыс сызбасы Б. Момышұлы даңғылының бойымен М-1 көпіріне дейін өзгеріп, одан әрі бұрынғы сызба бойынша жүреді»,-деді Әбдіхамит Тамабаев.

№ 21 бағыттағы автобустың қозғалысы Сығанақ көшесінің бойымен Орынбор көшесіне дейін шектеледі (көлік жолайырығы). № 32, 46 бағыттардағы автобустардың қозғалыс сызбасы Айнакөл көшесінің бойымен М. Жұмабаев көшесіне дейін өзгертіледі, Б.Момышұлы даңғылы М-1 көпіріне дейін, одан әрі бұрынғы қозғалыс сызбасы бойынша жүреді.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта Тәуелсіздік даңғылының бойында А. Байтұрсынов көшесінен Ж. Нәжімеденов көшесіне дейін көлік қозғалысы тоқтатылады. 7 мамыр күні сағат таңғы 6.00-дан 14.00-ге дейін Тәуелсіздік даңғылының бойында Б. Момышұлы даңғылынан Ш. Қалдаяқов көшесіне дейін, Ш. Қалдаяқов көшесі М-3 жолайырығынан Обаған көшесіне дейін, Р. Қошқарбаев көшесі Б. Момышұлы даңғылынан Сарыкөл көшесіне дейін, Айнакөл көшесі Сарыкөл көшесінен Ж. Нәжімеденов көшесіне дейін жолдар жабылады.