7 маусым. Тұлғалар туған күн
ЕСІМДЕР
106 жыл бұрын (1917-1943) Ұлы Отан соғысының қатысушысы, Кеңес Одағының Батыры, 3-ші Украина майданы 8-ші гвардиялық армия 39-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы 120-шы гвардиялық атқыштар полкі құрамында рота командирі Жанғазы Әкімұлы МОЛДАҒАЛИЕВ дүниеге келді.
Семей облысы Абай ауданының Қараауыл ауылында туған. Ата-анасы ерте қайтыс болып, әпкесі Қанипа мен Жанғазыны немере ағасы Семейбай Жәкенов өз тәрбиесіне алып, Семейдегі №38 жетіжылдық мектепті бітірген. Мектеп бітіргеннен кейін ұн тартатын зауытта еңбек жолын бастаған Жанғазы сол кездегі ауатком (райисполком) хатшысы болып ел ісіне де араласа бастайды. Осылайша ержетіп, азамат болған шағында 1938 жылдың күзінде әскер қатарына шақырылып, 1941 жылы майданға аттанды.
1943 жылдың 23 қазанына қараған түні Молдағалиевтің ротасына Днепрден өтіп, плацдармды алу тапсырылды. Рота жауынгерлері Елизарово селосын жау қолынан толық азат етіп, жаудың мысын басып, 100-ден астам әскері мен офицерін жойып, 25 солдатын тұтқынға алады. Сол жылдың 31 қазанында Жанғазы басқарған 2-атқыштар ротасы Чернопаровка селосының батыс бөлігінде орналасқан тірекпунктін басып алу туралы бұйрық алады. Молдағалиевтің басшылығындағы рота түн ішінде қиындықтарға қарамастан өзеннен өтіп, қатты қақтығыстан соң Днепрдің оң жақ жағалауына күшпен бекініп алады.
1943 жылғы қарашадағы ұрыста өз денесімен жау дзотын жауып, қаза тапты.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 19 наурыздағы Жарлығымен Ж. Молдағалиевке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин және Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған.
63 жылбұрын (1960) ҚР мемлекет және қоғам қайраткеріБерік Мәжитұлы ИМАШЕВ дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. 1977 жылы Қарағанды орта мектебін бітірді. 1982 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің заң факультетін құқықтану мамандығы бойынша үздік бітіріп шықты.
Қызмет жолын прокуратура органдарында бастады. Бірнеше рет КазССР және Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бұйрықтарымен марапатталды. Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы қызметін атқарды. 2008 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды. Осы жылы Заңнама және құқықтық реформа жөніндегі комитет төрағасы болып тағайындалды. 2011 жылдан бастап Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқықтық органдары жөніндегі комитетінің төрағасы. 2012-2016 жылдары ҚР Әділет министрі болып қызмет атқарды. 2016-2022 жылдары ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, ТМД Парламентаралық Ассамблея Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Астанаға 10 жыл» мерейтой медалімен марапатталған. Ю.Семеновтың «Детектив және саясат» Халықаралық қоры сыйлығының лауреаты.
4 1 жыл бұрын (1982) ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Мәлікұлы ЕРКІНБАЕВ дүниеге келді.
Жамбыл облысының Шу қаласында туған. Қазақ мемлекеттік заң академиясын, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын, Халықаралық бизнес академиясын тәмамдаған. Түрлі жылдары жеке компанияларда жобалар жетекшісі, заңгер болып жұмыс істеген. 2009-2013 жылдар аралығында «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортының бас директоры болып қызмет атқарған. 2013-2016 жылдары – «Медеу» спорт кешенінің бас директоры. 2016-2019 жылдары Алматы мемлекеттік зоологиялық паркінің директоры лауазымын атқарды. 2019 жылдың қазан айы мен қараша айлары аралығында «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы«АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарды. 2019-2021 жылдары «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы.
Қазіргі қызметінде – 2021 жылдың қазан айынан бері.