7 мың тоннадан астам саз балшықты заңсыз өндірген компания басшылығы тергеліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржылық мониторинг агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті «ОГНЕУПОРСНАБ» ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты аса ірі көлемде техногендік минералдық түзілімдерді жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

7 мың тоннадан астам саз балшықты заңсыз өндірген компания басшылығы тергеліп жатыр
Фото: Видеодан алынған скрин

Тергеу мәліметінше, компания бір жыл бойы Арқалық кен орнынан 7 мың тоннадан астам отқа төзімді саз балшықты заңсыз өндіріп, сатқан.

Агенттік техногендік минералдық түзілімдерді өз бетінше өндіру мен жымқыруды азаматтық-құқықтық дау емес, Қазақстан халқының меншігі болып табылатын табиғи ресурстарды ұрлау, сондай-ақ мемлекеттің экономикалық және экологиялық мүдделеріне зиян келтіруге әкелетін қылмыстық әрекет деп атап өтті.

ЖШС директорынан адвокаттың қатысуымен жауап алынған. Оның құқықтары толық сақталып, ешқандай мәжбүрлеу шаралары қолданылмағаны хабарланды.

ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етуге жатпайды.

Қаржылық мониторинг агенттігі қоғамдық кеңістікте шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат тарату ресми тергеуге кедергі келтіретінін де ескертті.

Айта кетейік, Арқалықта ақбөкеннің ұшасын бірнеше рет сатқан ер адам сотталды.