7 мыңға жуық кітап оқыған елордалық зейнеткер жастарға кеңес берді
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында аға буын өкілдері бас қосып, әдебиеттің адам өміріндегі орны, кітап оқудың пайдасы және кейінгі ұрпақтың кітапқа қызығушылығын арттыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Кездесуге қатысқан қариялар кітап оқуға қалай қызыққаны, сүйікті шығармалары мен жинаған кітап қорлары туралы әңгімелеп, жастарды кітаппен дос болуға шақырды.
Нұра ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшесі Алданыш Нұрпейісов ұзақ жыл бойы кітап оқуды насихаттап келеді. Оның айтуынша, кітап бала кезінен өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.
– Біздің «Ұлағат» атты әдеби-шығармашылық ұйымымыз бар. Онда қазақтың Алаш зиялылары мен жазушыларының өмірі мен шығармашылығын насихаттауды көздейміз. Өзім бала күнімнен өскен жерімдегі кітапхананың кітаптарын тауыса оқыдым. Оның өмірімде өте көп пайдасы болды. Кітап – тәрбиеші. Кітап – білім. Кітапта адамға қажетті дүниенің бәрі бар. Қазір де кітап оқуды тоқтатқан емеспін. Өзімнен кейінгі ұрпаққа да кітап оқуды насихаттауды жалғастыра беремін, – деді Алданыш Нұрпейісов.
Есіл ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшесі Мәлика Нұралиеваның жеке қорында 6-7 мың кітап бар. Оның айтуынша, бұл кітаптардың барлығын дерлік оқып шыққан.
Ол жинаған кітаптарын жеке қорында ғана сақтамай, мектептер мен жоғары оқу орындарына да табыстап келеді.
– Менің қорымдағы 6-7 мың кітапты толық оқыдым деп айта аламын. Кітап оқитын қауымдастықтарға балаларымды да жіберемін. Олар да кітап оқып, өз болмысын қалыптастырып жатыр. Жиған-терген кітаптарымды мектептер мен жоғары оқу орындарына да табыстадым. Кітап оқыған адамның зейіні мен ойлау қабілеті ерекше болады. Сондықтан кітап оқуды бәріміз қолға алуымыз керек, – деді Мәлика Нұралиева.
Ал Райхан Жұмәліқызының кітапқа қызығушылығы бала кезінен отбасында қалыптасқан. Оның айтуынша, үйде кітап оқу және шығармаларды бірге талқылау дәстүрі болған.
– Менің бала кезімнен отбасым кітап оқуға, шығармаларды талқылауға бейім болды. Ағамның тәрбиесі менің кітапқа деген қызығушылығымды оятты. «Абай жолының» біздің тарихымыз бен танымымызда шоқтығы биік. Оны әрбір қазақ оқуы тиіс. Мен де оны оқудан жалықпаймын. Астана қаласында кітап оқитын жастар көп. Бізді сол қуантады, – деді ол.
Кездесуде кітаптың білім мен тәрбие көзі ғана емес, тарихи жадыны сақтайтын құндылық екеніне де назар аударылды.
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының Көрме ұйымдастыру бөлімінің басшысы Анар Баймағамбетова көпшілікке ұсынылған сирек жазба мұралар туралы айтып берді.
– Бұл жазбалар – факсимиле нұсқалар. Түпнұсқалардың барлығы сақталған. Оларды көшпелі көрме ретінде алып жүреміз. Көрмеге Қарахан түркі қағанаты кезеңінен Қазақ хандығына дейінгі құнды жазбалар, сондай-ақ 1929 жылдан бастап төте, латын және кирилл жазуларындағы мұралар қойылған, – деді Анар Баймағамбетова.
Кездесуге қатысушылар кітапты тәрбие мен білімнің көзі, адамның зейіні мен ойлау қабілетін дамытатын құрал ретінде бағалады. Ал сирек кітаптар мен қолжазбалардың ұлттың тарихи жадын сақтаудағы маңызы атап өтілді.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жастардың әдебиетке, ұлттық мұра мен тарихқа қызығушылығын арттыруды көздейді.
Айта кетейік, елордадағы 9-сынып оқушысы Вероника Анисимова Астананың № 8 балалар кітапханасындағы 800 кітапты оқып, ондағы кітап қорының басым бөлігін парақтаған.