7 мыңнан астам қызылордалық оқушы қала сыртындағы лагерьлерде демалады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Биыл 1-10 сыныпты аяқтайтын 175,5 мыңнан астам қызылордалық оқушының 98%-ы жазғы демалыспен қамтылады. Бұл туралы Қызылорда облыстық білім басқармасы хабарлады. 

7 мыңнан астам қызылордалық оқушы қала сыртындағы лагерьлерде демалады
Фото: Шиелі аудандық білім бөлімі

Мектептер жанындағы 556 лагерьде 160 мыңға жуық, 95 киіз үйлі этнолагерь, 43 шатырлы лагерьде 6 мыңнан астам, қала сыртындағы 8 лагерь мен орталықтарда 7 ауысымда 7 мыңнан астам бала каникулын өткізеді.

– «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен 500 оқушы Түркістан облысы Төле би ауданының Біркөлік елді мекеніндегі «Қуаныш» лагеріне, жергілікті демеушілер мен кәсіподақ есебінен 4,5 мыңға жуық оқушы өзге аймақтардағы лагерьлерге барады. Республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында 200-ден астам оқушы тынығады. Мектеп, колледждерден бөлек балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы, Оқушылар сарайы секілді қосымша білім беру ұйымдарында шығармашылық, өнер, инженерлік бағыттағы үйірмелер жұмыс істейді, - деді басқарма басшысы Асқарбек Есжанов. 

7 мыңнан астам қызылордалық оқушы қала сыртындағы лагерьлерде демалады
Фото: Шиелі аудандық білім бөлімі

Оқушылар үшін сондай-ақ еліміздің басқа қалаларына және жергілікті тарихи орындарға, жаңа нысандарға, Байқоңыр ғарыш айлағына, Қазалы ауданындағы ортағасырлық Жанкент, Жаңақорған ауданындағы ежелгі Сауран, Сығанақ қалашықтарына, Қармақшыдағы Қорқыт ата ескерткішіне, Түркістан облысының киелі орындарына экскурсия, тур ұйымдастырылады. 

Еске салсақ, жазғы демалыста еліміздегі лагерьлерде 3,1 млн баланы, оның ішінде әлеуметтік осал топтағы 500 мыңнан астам баланы қамту жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар