7 млн. еуродан үмітті «Астана» футболшысы Максимович «Валенсияға» ауысуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» футбол клубының жартылай қорғаушысы, серб саңлағы Неманья Максимович «Валенсия» клубына ауысуды шешті.
Кешеден бері отандық және шет елдік электронды басылымдар Неманья Максимовичтің «Валенсия» клубына ауысатындығын жарыса жазуда. Бірақ әзірше «Астана» клубы ешқандай ресми мәлімдеме жариялаған жоқ... Әйтсе де, шетелдік беделді басылымдар Неманья Максимович «Валенсияға» бес жылға ауысатындығын, осы уақыт ішінде 7 миллион еуро алатындығын да жазды.
Ал «Астанаға» қарымақы (өтемақы) ретінде 300 мың еуро төленеді екен-мыс, Неманья Максимовичтің «Астана» клубымен келісімшарты биыл жазда бітеді. Егер елорда клубы Еуропаның алпауыт клубтары көз тіккен жас жұлдызын қазір сатып жібермесе, жаз кезінде ол "су тегін" кетіп қалатын болады.
Максимовичтің өзі b92.net басылымына берген сұхбатында «Ювентус», «Монако», «Бенфика» сынды әйгілі клубтардан да ұсыныс түскенімен, «Валенсияны» таңдағанын айтыпты.
Неманья Максимовичтің айтуынша, барлық мәселе төрт-бес күннің ішінде шешіліп қалуы керек. Әрі ол «Валенсияға» кетуіне «Астана» клубы ешқандай кедергі жасамайды деп үміттенетіндігін де бүкпесіз жайып салған.
Дереккөз: Астана футбол федерациясы