7 наурыз. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 7 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

7 наурыз. Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform/ Midjourney

ЕСІМДЕР

78 жыл бұрын (1947) техника ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстан ҰҒА Президиумының мүшесі, әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі Досым Қасымұлы СҮЛЕЕВ дүниеге келді.

Досым Қасымұлы СҮЛЕЕВ
Фото: matritca.kz

Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді. 1970 жылы В. И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының автоматика және есептеу техникасы факультетін бітіріп, техникалық кибернетика кафедрасында инженер қызметіне қалдырылды. Мәскеудің Болат және қорытпалар институтының аспирантурасының күндізгі бөлімін тәмамдап, кандидаттық диссертациясын сәтті қорғағаннан кейін, Қазақ политехникалық институтына педагог ретінде жіберілді.

Институт қабырғасында ассистенттен доцент қызметіне дейін және институттың партия кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне дейін көтерілді. 1984 жылдан Алматы қалалық партия кеңесінің Білім беру бөлімінде қызмет атқарды. 1986 жылдың сәуірінен бастап, 10 жыл бойы Алматы энергетикалық институтында оқу жұмысы жөніндегі проректоры қызметін атқарды. 1997 жылдың наурызында ҚР Білім беру және Мәдениет министрлігінің Жоғары және арнайы білім беру департаментінің директоры қызметіне тағайындалды. ҚР Білім беру, Мәдениет және Денсаулық сақтау министрлігінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Басқару департаментінің директоры қызметін атқарды. 2001 жылдың қаңтар айында ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Қоғамдық мәдени даму бөлімінің бастығы қызметіне ауыстырылды. 2001 жылдың шілде айында Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Университеттің ректоры болып тағайындалды. 2004 жылдың қазан айынан бастап ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Жер туралы ғылым бөлімінің төрағасы болып тағайындалды. Досым Қасымұлы — көптеген жылдар бойы ҚР Ғылым және білім беру министрлігінде және жоғары оқу орындарында басшылық жұмыстар атқарған, жоғары мектеп жүйесіндегі оқу-тәрбие және ғылыми жұмыстардың тәжірибелі, талантты ұйымдастырушысы.

Ол «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін салушы және алғашқы басқарушысы. «Дос-Мұқасан» — Бүкілодақтық талантты эстрада әртістері сайысының және Берлин қаласында өткен Х Бүкіләлемдік жастар және студенттер фестивалінің лауреаты. Д.Қ. Сүлеев халыққа танымал «Той жыры», «Алматы түні», «Жан досым» сияқты тағы басқа 20 өлеңнің және әуеннің авторы. Оның өлеңдері мен әуендері Республикалық теледидар және радио музыкалық қорына енген. Бірнеше грампластинкалар мен авторлық музыкалық шығармалар жинағы шығарылған. Ол — ірі ғалым, басқару және автоматтандыру және білім берудің қазіргі заманғы технологиялары саласының маманы. Ғылым жолында ғылыми мақала, соның ішінде монографиялар, студенттерге және техникалық жоғарғы оқу орындарының оқытушыларына арналған оқу құралдарын жазып шықты.

КСРО-ның екі медалімен және Қазақстан Республикасының 3 медалімен. 2007 жылдың қазан айында «Петр Великий» орденмен марапатталды. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қайраткері» құрметті атағымен, «Әлемнің көрнекті ғалым-педагогі» атағымен — (Халықаралық Библиографиялық орталық, Кембридж, Англия), А.Байтұрсынұлы атындағы күміс медалмен марапатталды. ҚР білім беру жүйесінің құрметті қызметкері.

71 жыл бұрын (1954) «Қазақстандық атом электр станциялары» АҚ бас директоры Тимур Мифтахұлы ЖАНТИКИН дүниеге келді.

Тимур Мифтахұлы ЖАНТИКИН
Фото: qazaqgreen.com

Алматы қаласында туған. 1976 жылы Новосибирск мемлекеттік университетін физика және қолданбалы математика мамандығы бойынша бітірген. Физика-математика ғылымдарының кандидаты (1987).

Еңбек жолы: 1976-1992 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының Ядролық физика институтында аға лаборант, инженер, кіші, аға ғылыми қызметкер, 1992-1995 жылдары ҚР Атом энергиясы агенттігінің бөлім бастығы, бас директорының орынбасары, 1995-1999 жылдары ҚР Ғылым министрлігі мен Ғылым академиясы жанындағы Атом энергиясы агенттігінің бас директоры, 1999 жылы ҚР Атом энергиясы жөніндегі комитетінің (Ғылым және жоғары білім министрлігі, 1999 жылғы қазаннан — ЭИСМ, 2000 жылғы желтоқсанна ЭМ) төрағасы, 2010-2012 жылдары ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Атом энергиясы комитетінің төрағасы, 2012-2013 жылдары ҚР Атом энергиясы агенттігінің төрағасы, 2013-2014 жылдары ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Атом энергиясы комитеті төрағасының орынбасары, 2014-2016 жылдары ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған.

Қазіргі лауазымын 2016 жылдан бері атқарып келеді.

66 жыл бұрын (1959) VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ермұрат Сейітқазыұлы БӘПИ дүниеге келді.

Ермұрат Сейітқазыұлы БӘПИ
Фото: parlam.kz

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданы Қарабұлақ ауылында туған. 1985 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді.

Еңбек жолы: 1976-1977 жылдары Зайсан аудандық (ШҚО) «Достық» газетінде тілші, 1985-1990 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінде (қазіргі «Дидар») тілші, аға тілші, жаңалықтар бөлімінің меңгерушісі, 1990-1993 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі, 1993-1995 жылдары Қазақстан Республикалық телерадио корпорациясында «Қазақ Радиосы» бас директорының орынбасары, 1995-1997 жылдары ҚР Министрлер Кабинеті Баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары, 1997-1998 жылдары ҚР Өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері Одағында президенттің кеңесшісі, 1999-2004 жылдары «СолДАТ» газетінің шығарушысы, бас редакторы лауазымын атқарған. 2004-2008 жылдары «Қазақстанның тәуелсіз ақпарат тарату» Қоғамдық бірлестігінде директор, 2008-2009 жылдары «ДАТ — Тасжарған» газетінің шығарушысы, 2010-2021 жылдары «ДАТ — Общественная позиция» газетінде бас редактордың кеңесшісі, бас редакторы қызметінде болды.

Қазіргі қызметін 2023 жылғы наурыздан бері атқарып келеді.

«Парасат» орденімен марапатталған.

63 жыл бұрын (1962) Қазақстан Республикасының қоғам және саясат қайраткері Әбілфас Мүслімұлы ХАМЕДОВ дүниеге келді.

Әбілфас Мүслімұлы ХАМЕДОВ
Фото: assembly.kz

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 1989 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтын «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша, 2016 жылы Мәскеудегі Халықаралық сәулет академиясын бітірген.

Еңбек жолы: 1980-1982 жылдары АМАӨБ № 2 Автокомбинатының жүргізушісі, 1982-1982 жылдары № 55/70 дүкенінде уақытша жүк тиеуші, 1982-1983 жылдары ЖМК-714 «Алма-Ата Сельстрой 7» тресінде тас қалаушы, 1983-1990 жылдары ЖМК-714 «Алма-Ата Сельстрой 7» тресінде шебер, 1990-1994 жылдары ЖМК-5 «Алма-Ата Сельстрой 7» тресінің бас инженері, 1994-2003 жылдары «Наргиз» ШК директоры болып жұмыс істеген. 2003-2021 жылдары «Центрпласт» директоры, 2016 жылы «АХЭКО» ЖШС болып өзгертілді. 2000 жылдан бастап Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі. 2003 жылдан — Қазақстан әзербайжандарының республикалық қауымдастығының басшысы. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі. 2017-2018 жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, 2021-2023 жылдары ҚР Парламент Мәжілісінің VII шақырылым депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі болды.

«Құрмет» орденімен, II дәрежелі «Достық» орденімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен, «10 жыл Астана», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

61 жыл бұрын (1964) Олимпиада чемпионы, төрт дүркін күміс және екі мәрте қола жүлдегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Владимир Михайлович СМИРНОВ дүниеге келді.

 Владимир Михайлович СМИРНОВ
Фото: sk-sport.kz

Ақмола облысында туған. Қазақ дене тәрбиесі институтын бітірген.

Ол Қазақстан және КСРО біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы, 30 шақырым қашықтықтан шаңғыдан әлем кубогының иегері атанды. Олимпиада ойындарында 1 алтын, 4 күміс, 2 қола жүлде алды. 1993-1995 жылдардағы әлем чемпионаттарында 3 алтын, 2 күміс, 1 қола иеленді. 2003 жылдан — Қазақстан биатлоншылары одағының президенті.

«Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет», «Даңқ» ордендерімен, медальдармен марапатталған. Норвегияның ең жоғары марапаты — Холменколлен медалімен наградталған. Профессор. 2011 жылы Қазақстанда өткен қысқы Азия ойындарын ұйымдастырушылардың бірі.

59 жыл бұрын (1966) «KazAID» қазақстандық халықаралық даму агенттігі» КЕАҚ Басқарма төрағасы Аркен Кеңесбекұлы АРЫСТАНОВ дүниеге келді.

Аркен Кеңесбекұлы АРЫСТАНОВ
Фото: Gov.kz

Алматы қаласында туған. 1988 жылы М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітірген. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің экономика факультетін, 1991 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде аспирантураны бітірген. Экономика ғылымдарының докторы (2004).

2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасының Сингапур Республикасындағы, Жаңа Зеландия мен Аустралиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарған.

Қаржы, Корпоративтік және мемлекеттік секторларда үлкен тәжірибесі бар. ҚР Экономика Министрлігі жанындағы Шетелдік инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттікте, Алматы сауда-қаржы Банкінде, Қазақстан Халық жинақ банкінде және «Қазпошта"АҚ-да түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. ҚР «Алматы қаласының аймақтық қаржы орталығының рейтинг агенттігі» АҚ реттеу агенттігін басқарды.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың наурыз айынан бері атқарып келеді.

«Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталған. 30-дан астам ғылыми жарияланымы бар. Жапонияда JICA бағдарламасы бойынша оқыды.

54 жыл бұрын (1971) ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Шаттық Тынымбайұлы ӨТЕЕВ дүниеге келді.

Шаттық Тынымбайұлы ӨТЕЕВ
Фото: Gov.kz

Маңғыстау облысында туған. Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Ақтау мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолы: 1999-2001 жылдары Маңғыстау облысы бойынша Салық полициясы комитеті басқармасының инспекторы, 2001-2002 жылдары Маңғыстау облысы бойынша қаржы полициясы департаменті экономикалық қылмыстарды анықтау басқармасы екінші бөлімінің аға инспекторы, 2002-2014 жылдары қаржы полициясы органдарында қызмет атқарған. 2014-2016 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы, 2016-2018 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы, 2018-2019 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) басшысының орынбасары, 2019-2021 жылдары ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің 4 департаментінің басшысы, 2021-2022 жылдары ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы, 2022-2023 жылдары ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы қызметін атқарған.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың тамыз айынан бастап атқарып келеді.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен (2018); «Ерен еңбегі үшін» (2010), «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015), «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016) медальдарімен марапатталған.

46 жыл бұрын (1979) «AMANAT» партиясының Ақмола облысы бойынша филиалының жетекшісі Берген Маратұлы БЕСПАЛИНОВ дүниеге келді.

Берген Маратұлы БЕСПАЛИНОВ
Фото: dknews.kz

Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді. 2001 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «саясаттанушы» мамандығы бойынша, 2004 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «заңгер» мамандығы бойынша, 2013 жылы Гуманитарлық-техникалық академияны «Экономика және бизнес бакалавры» мамандығы бойынша бітірді.

РФ Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы мен мемлекеттік қызметі академиясында, сонымен қатар, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында оқыды.

Мемлекеттік қызмет саласындағы еңбек жолын 2002 жылы бастады және содан кейінгі 9 жыл ішінде Ақмола облысы Зеренді ауданы әкімінің көмекшісі, Ақмола облысы Ерейментау ауданы әділет басқармасының басшысы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінде бөлім басшысы, Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі лауазымдарында қызмет етті. 2011-2015 жылдары Ақмола облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі, 2015-2016 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары — Тәртіптік кеңес төрағасы қызметін атқарған. 2016 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы — Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы қызметінде болды. 2016-2019 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы, 2019-2022 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы, 2022-2023 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Әкімшілік департаментінің директоры болды.

Қазіргі қызметінде — 2023 жылдың сәуірінен бері.

36 жыл бұрын (1989) «Солтүстік Қазақстан Электржелістік Тарату Компаниясы» АҚ бас директоры Александр Игорьевич ЧЕКУЛАЕВ дүниеге келген.

Александр Игорьевич ЧЕКУЛАЕВ
Фото: sevkazenergo.kz

Солтүстік Қазақстан облысы, Мамлют ауданы, Мамлютка қаласында туған. Курган мемлекеттік университетін «Электр энергетика және электротехника» мамандығы бойынша «Электр энергетикасы бакалавры» біліктілігімен бітірген (2016).

Еңбек жолы: 2010-2011 жылдары «Солтүстік Қазақстан энергетикалық орталығы» ЖШС Мамлют ауданы энергия сату учаскесінің операторы, 2011-2018 жылдары «Солтүстік Қазақстан Электржелістік тарату компаниясы» АҚ электр энергиясын тарату маманы, электр энергиясын есепке алу аспаптарын пайдалану жөніндегі инженер лауазымдарын атқарды. 2018-2021 жылдары Энергетикалық бақылау басқармасының басшысы, 2021-2023 жылдары Электр энергиясын тарату және бақылау басқармасының басшысы болды.

Қазіргі қызметінде 2023 жылдың тамызынан бері.

77 жыл бұрын (1948-2001) ақын, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты, М. Әуезовтің 100 жылдығына, сондай-ақ Қарабура әулиеге арналған ақындар мүшәйраларының бас жүлдегері Жарасқан ӘБДІРАШЕВ дүниеге келді.

Жарасқан ӘБДІРАШЕВ
Фото: adebiportal.kz

Қызылорда облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

1969-1994 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жалын» альманахында, «Жұлдыз» журналында жұмыс істеген. Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Көркем аударма және әдеби байланыстар жөніндегі бас редакциясының бөлім меңгерушісі, «Тамаша» ойын-сауық театрының бас редакторы қызметтерін атқарған. Ақынның алғашқы жинағы «Тұңғыш кітабы» деген атпен 1969 жылы жарық көрген. Содан бергі уақытта «Перзент парызы», «Дала сенің ұлыңмын», «Ақ қайраң», «Соғыстан соң туғандар», «Досың болғым келеді», т. б. кітаптары жарық көрген. Көркем аударма саласында Р.Тагордың, П. Элюардың, Я. Купаланың, К. Чайковскийдің, А. Бартоның шығармаларын қазақ тіліне аударған. Өзінің шығармалары да неміс, венгр, орыс украин, өзбек, тәжік, әзірбайжан, түркімен, қырғыз, саха тілдеріне аударылған.

Соңғы жаңалықтар