7 наурыз. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 6 наурызға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1994 жылы Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Парламенттік сайлауы өтті. 176 депутаттың 42-сі президент тізімі бойынша, 75-і қоғамдық бірлестіктерден, сондай-ақ 59-ы өзін-өзі ұсыну арқылы сайланды. 1994 жылғы сәуірде жаңа Парламент жұмысын бастады.
2003 жылы Минскіде Жоғары деңгейдегі топ құру туралы хаттамаға қол қойылды. Мұндай шешім Беларусь, Қазақстан, Ресей Федерациясы және Украина президенттерінің 2003 жылғы 23 ақпандағы келісімі бойынша қабылданды.
2005 жылы Парижде, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде, қазақстандық танымал суретші Ерболат Төлепбайдың көрмесі ашылды. Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілінің бастамасымен ұйымдастырылған бұл көрменің салтанатты ашылу рәсіміне Парижде тіркелген дипломаттар, Францияның танымал саясаткерлері мен өнер қайраткерлері, шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдері, өнерсүйер қауым қатысты. Ерболат Төлепбай – Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қырғызстанның Көркем академиясының нақты мүшесi, Масарик атындағы Чех көркем академиясының мүшесi, «Платина Тарланының» иегері.
2013 жылы «Эйр Астана» АҚ мен Turkish Airlines кодшерингтік келісім жасасуға ниет хатына қол қойды.
2015 жылы Қарлаг тұтқынындағы испандықтар туралы «Забытые в Караганде» фильмі «Еуропалық үздік деректі фильм» номинациясында сыйлық алды. Фильмге осы күнге дейін испандықтардың көпшілігіне беймәлім болып келген Қарлагтағы жағдай, көзкөргендердің естеліктері арқау етілді.
2017 жылы қазақстандық әуе компанияларына Транссібір бағыттары жүйесін қолдану арқылы ұшу құқығы берілді. Ұлан-Батыр мен Токиоға жаңа бағыттар ашылды.
2019 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарих факультеті кафедрасының мүшесі Думан Айтмағамбетов Астананың мемлекеттік мұрағатына сирек кездесетін естеліктерді, тарихи құжаттардың көшірмелерін, атап айтқанда 1909 жылғы халық санағының мәліметтерін, раритетті фотоларды сақтауға тапсырды.
2019 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қараши (Пәкістан) университетінде бірлескен ғылыми орталық-инновациялық зерттеулер зертханасын ашты. Жоба Оңтүстік елдерінің тұрақты дамуы үшін ғылым және техника жөніндегі комиссияның (COMSATS) көмегімен жүзеге асырылды.
2020 жылы «Radio Stereo Mundo La Mega» Эквадор радиосында жергілікті уақыт бойынша 12:00-ден 15:00-ге дейін Димаш Құдайбергеннің әндері эфирге шығарылды. «Біз Димашты әлемдегі ең үздік әнші деп санаймыз, оның ерекше дауысы біздің елімізде естілуі керек деп білеміз. Ол бізге музыка – өнер мен махаббаттың шынайы көрінісі, оның ешқандай тілі және шекарасы жоқ екенін үйретті. Сондықтан біз Димаштың шығармашылығын насихаттау жұмыстарын белсенді түрде жалғастыра береміз», – деп жазды әншінің фан-клуб парақшасы. «Radio Stereo Mundo La Mega» радиосы – 90,5 FM жиіліктегі Эквадор ұлттық радиосы. Бұл елдегі ең танымал және жиі тыңдалатын әуе толқынының бірі.
2021 жылы Алматы қаласы Жетісу ауданының Көкжиек шағын ауданында алғашқы әйелдер аллеясы ашылды. «Қазіргі заманда әйелдің рөлі ерлермен қатар маңызды. Қазір нәзік жандар саясат, экономика, медицина мен басқа да салаларда жұмыс істейді. Осы аллеяны біз әйелдер аллеясы деп атаймыз. Ол – ақыл, парасаттың символы», - деді ашылу салтанатында қалалық Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская.
2022 жылы Ақтау қаласында Көркем гимнастика орталығы ашылды. Орталықты ашудағы мақсат – болашақ әлем, Азия, Олимпиада ойындарының чемпиондарын тәрбиелеу.
2024 жылы Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы Корольдігінің Энергетика министрі Абдулазиз бен Салман Әл Саудты қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы энергетикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Сауд Арабиясының қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін атап өтті. Ол тақ мұрагері және премьер-министр Мұхаммед бен Салман Әл Саудпен келісімдері барлық салалардағы екіжақты ынтымақтастыққа қуатты серпін бергенін еске салды.
2024 жылы Мемлекет басшысы Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік шараға қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде әйелдерді келе жатқан мерекемен құттықтады.
Мемлекет басшысы сондай-ақ «Ару-Ана» үздік әйелдер жобасы байқауының жеңімпаздарына сыйлықтар табыс етті. Бұл жолы марапат түрлі саладағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырғаны және азаматтық қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін алты номинация бойынша табыс етілді. «Ару-Ана» үздік әйелдер жобалары байқауының жеңімпаздары болып Елчибаева Бақытгүл Қазезбайқызы (Ауыл әйелдерін дамытуға арналған үздік жоба), Шакуликова Гүлзада Тәңірбергенқызы (Ғылым саласындағы үздік жоба), Ахмеджанова Әлия Серікболқызы (Азаматтық өзін-өзі тануды дамыту саласындағы үздік жоба), Михалева Анастасия Анатольевна (Ұлттық мәдени мұраны дәріптеу саласындағы үздік жоба), Арқашбаева Ботагөз Махамбетқалиқызы (Агробизнес саласындағы үздік жоба), Еділбекова Мадина Еділбекқызы (Шығармашылық индустрия саласындағы үздік жоба) танылды.
2024 жылы «Словакия кітапханалары апталығы» науқаны аясында Словакияның Ұлттық кітапханасында Мағжан Жұмабайдың словак тілінде алғаш рет жарық көрген поэзиялық жинағының тұсаукесері өтті. Шараға Словакия Жазушылар одағының мүшелері – ақын-жазушылар мен әдебиеттанушылар, «Matica slovenská» мәдени бірлестігінің мүшелері, Словакия кітапханалар қауымдастығы және кітап шығарушылар қоғамы, студенттер мен баспасөз өкілдері қатысты.