7 наурыз. Туған күн иелері
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 7 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
72 жыл бұрын (1947) техника ғылымдарының докторы, профессор, академик, «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі Досым СҮЛЕЕВ дүниеге келді.
ҚР ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, 250-ден астам ғылыми еңбектің авторы, өндіріс автоматизациясы, еңбек қорғау, акустикалық экология саласындағы жоғары мектепті ұйымдастырудағы белгілі маман. Профессор Д.Қ. Сүлеевтің жетекшілігімен 1 докторлық диссертация, 8 кандидаттық диссертация қорғалды.
Қазақстанның еңбік сіңірген қайраткері.
71 жыл бұрын (1948-2001) ақын, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты, М.Әуезовтің 100 жылдығына, сондай-ақ Қарабура әулиеге арналған ақындар мүшәйраларының бас жүлдегері Жарасқан ӘБДІРАШЕВ дүниеге келді.
Қызылорда облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1969-1994 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жалын» альманахында, «Жұлдыз» журналында жұмыс істеген. Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Көркем аударма және әдеби байланыстар жөніндегі бас редакциясының бөлім меңгерушісі, «Тамаша» ойын-сауық театрының бас редакторы қызметтерін атқарған. Ақынның алғашқы жинағы «Тұңғыш кітабы» деген атпен 1969 жылы жарық көрген. Содан бергі уақытта «Перзент парызы», «Дала сенің ұлыңмын», «Ақ қайраң», «Соғыстан соң туғандар», «Досың болғым келеді», т.б. кітаптары жарық көрген. Көркем аударма саласында Р.Тагордың, П.Элюардың, Я.Купаланың, К.Чайковскийдің, А.Бартоның шығармаларын қазақ тіліне аударған. Өзінің шығармалары да неміс, венгр, орыс украин, өзбек, тәжік, әзірбайжан, түркімен, қырғыз, саха тілдеріне аударылған.
55 жыл бұрын (1964) Олимпиада чемпионы, төрт дүркін күміс және екі мәрте қола жүлдегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Владимир Михайлович СМИРНОВ дүниеге келді.
Ақмола облысында туған. Қазақ дене тәрбиесі институтын бітірген. Ол Қазақстан және КСРО біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы, 30 шақырым қашықтықтан шаңғыдан әлем кубогының иегері атанды. Олимпиада ойындарында 1 алтын, 4 күміс, 2 қола жүлде алды. 1993-1995 жылдардағы әлем чемпионаттарында 3 алтын, 2 күміс, 1 қола иеленді. 2003 жылдан Қазақстан биатлоншылары одағының президенті.
«Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет», «Даңқ» ордендерімен, медальдармен марапатталған. Норвегияның ең жоғары марапаты - Холменколлен медалімен наградталған. Профессор. 2011 жылы Қазақстанда өткен қысқы Азия ойындарын ұйымдастырушылардың бірі,
48 жыл бұрын (1971) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы басшысының орынбасары Шаттық Тынымбайұлы ӨТЕЕВ дүниеге келді.
Маңғыстау облысында туған. 1989-1991 жылдары - КСРО Қарулы күштерінде әскери борышын өтеген. 1998 жылы Алматы қаласының Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген.
1999-2001 жылдары - Маңғыстау облысы Салық полициясы комитетінің Басқарма инспекторы, 2001-2002 жылдары - Маңғыстау облысы бойынша Қаржы полициясы департаментінің экономикалық қылмыстарды анықтау бойынша 2-бөлімінің аға инспекторы, 2002-2014 жылдары - қаржы полициясы органдарындағы қызмет, 2014-2016 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы, 2016-2018 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы, 2018 жылы 5 шілдеде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) басшысының орынбасары болып тағайындалды.
2010 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2011 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен, 2015 жылы «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» медалімен, 2011 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен, 2017 жылы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.