7 облыс кредиттік тұрғын үй құрылысына бөлінетін бюджет қаржысынан қағылады - С.Нокин
АСТАНА. 14 мамыр. ҚазАқпарат - 7 облыс кредиттік тұрғын үй құрылысына бөлінетін бюджет қаржысынан қағылады.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын іске асыру барысы туралы баяндама жасаған ҚР Өңірлік даму вице-министрі Серік Нокин мәлім етті.
Тұрғын үй мен инженерлік инфрақұрылым құрылысына арналған жобалық-сметалық құжат дайындау мәселесіне тоқталған С.Нокиннің айтуынша, Бюджеттік кодекс талаптарына сәйкес аталған құжатты белгіленген уақытта дайындап ұсыну қажет. Тек осы жағдайда ғана жыл басынан республикалық бюджеттен қаржы қарастырылатын болады. Дегенмен 2014 жылға ұсынылған құжаттарға жүргізілген сараптама бірқатар кемшіліктерді көрсетіп отыр. Мәселен, әкімдіктер ұсынған тұрғын үй жинағы желісі бойынша кредиттік тұрғын үй құрылысына бюджеттік бағдарлама бойынша жобалар тізбесі тек 40 пайызға ғана орындалған. Яғни көзделген 35 млрд. теңгенің 16,9 млрд. теңгесіне ғана құжат бар. «Бұл ретте Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы жоспарланған соманы 100 пайызға қамтамасыз етіп толық құжат ұсынды. Ал Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары мүлдем құжат ұсынған жоқ. Бұл 7 өңір алдағы жылы кредиттік тұрғын үй құрылысына арналған қаржыдан қағылуы мүмкін», - деді ол.