7 сәуір. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 7 сәуір күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

ЕСІМДЕР

66 жыл бұрын (1959) «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Мәжит Зейноллаұлы ШАЙДАРОВ дүниеге келді.

Мәжит Зейноллаұлы ШАЙДАРОВ
Фото: qazaqstan.tv

Ақмола қаласында туған. Целиноград медицина институтын, «Тұран» университетін бітірген. 1992-1995 жылдары Ақмола қалалық инфекциялық ауруханасының дәрігері, 1995-1997 жылдары Ақмола медицина институтының доценті, 1997-2000 жылдары Ақмола қалалық инфекциялық ауруханасының дәрігері, бас дәрігері болды. 2000-2005 жылдары Астана қалалық денсаулық сақтау департаментінің директоры, 2005-2006 жылдары Астана қаласы 1-ші ауруханасының бас дәрігері, 2006-2008 жылдары Қарағанды облыстық денсаулық сақтау департаментінің директоры болған. 2009-2010 жылдары ҚР ДСМ Медициналық қызмет көрсету саласын бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің директоры қызметін атқарған. 2016 жылдан 6-шы шақырылымдағы Астана қаласы мәслихатының депутаты, Астана қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, 2010-2019 жылдары «Астана медицина университеті» АҚ Басқарма төрағасы – ректоры болды.

2019 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.

50 жыл бұрын (1975) Қарағанды облысының прокуроры Бауыржан Қыпшақұлы МЫРЗАКЕРОВ дүниеге келді.

Бауыржан Қыпшақұлы МЫРЗАКЕРОВ
Фото: Қарағанды облысының прокуратурасы

Жезқазған облысы Ағадыр ауданы Ағадыр ауылында туған. 1997 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін құқықтанушы мамандығы бойынша бітірді.

1997 жылдан бастап 2009 жылға дейін әскери прокуратура органдарында әр түрлі лауазымда болды. 2009 жылдан бастап 2013 жылға дейін Бас әскери прокурорының орынбасары болып қызмет атқарды. 2013-2018 жылдары Павлодар облысы прокурорының орынбасары лауазымын атқарды. 2018 жылдың мамыр-шілде айларында Үкімдердің заңдылығын бақылау қызметі бастығының орынбасары болды. 2018-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы үкімдердің заңдылығын бақылау қызметінің бастығы қызметін атқарды. 2019-2022 жылдары Нұр-Сұлтан қаласының прокуроры болды.

2022 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі қызметінде.

31 жыл бұрын (1994) қазақстандық опера әншісі Мария Александровна МУДРЯК дүниеге келді.

Мария Александровна МУДРЯК
Фото: facebook.com/ Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы

Павлодар қаласында туған. 3 жасынан бастап Оқушылар сарайында вокалды үйрене бастады, осы жерде сахнада алғашқы рет өнер көрсетті. 5 жасында Павлодар қаласының №1 музыкалық мектебінің фортепияна бөліміне түсті. 2004 жылы 10 жасында Италияның Милан қаласында опералық вокалға үйрене бастады, қазіргі уақытта да Миланда тұрады. Италияда орта және жоғары білім алды. Милан консерваториясын тәмамдады (2012 ж.).

11-13 жас аралығында «Воче Бьянки» хорының құрамында «Ла-Скала» театрының бірнеше қойылымында өнер көрсетті. 12 жасында Қазақстан Республикасының «Болашак» Президенттік бағдарламасымен келісімшартқа отырып, «Scuola Musicale di Milano» жеке меншік мектебінде білім алды.

Опералық ән сыныбында Ла-Скала Театр академиясының танымал опера әншілері сабақ берді - маэстро Карло Гайфа және маэстро Мария Бьянка Казони. Бір уақытта Дж. Верди атындағы Милан Мемлекеттік консерваториясына түсті. Қабылдау емтихандарында үздік көрсеткіштер көрсетіп, 14 жасында оқуға қабылданды. Опералық вокал сыныбын Деметрио Колачимен өтті. 18 жасында үздік диплом алды. М.Френи, Л.Серра, К.Гайфа, М.Казони, К.Ваннини, П.Барбачини, Т.Фаббричини, М.Бэрти, А.Кончетти, В. Эспозито, Д.Тернер, Т.Хампсон сынды біртуар опера әншілерінің шеберлік сыныбынан өтті.

154 жыл бұрын (1871 ж. кей деректерде 1883 жылы) қазақ елінің мақтанышы, алып күш иесі, теңдессіз палуан, әлем чемпионы атағына қол жеткізген тұңғыш қазақ Қажымұқан МҰҢАЙТПАСҰЛЫ дүниеге келген.

Қажымұқан МҰҢАЙТПАСҰЛЫ
Фото: Egemen.kz

Құжат бойынша қазіргі Ақмола облысының Қараөткел ауылында дүниеге келген. Алайда оның туған жеріне де, туған жылына да қатысты басқа да пікірлер бар. Қажымұқан 17 жасқа толмай жатып, мықты палуан ретінде таныла бастады. Оның Ақмола облысы бойынша барлық атақты палуандарды жеңгені туралы әңгіме бүкіл қазақ даласына тез тарап кетеді. Ал 18 жасында оны циркке жұмысқа шақырған.

1905 жылы Қажымұқан алғашқы ірі жетістігіне қол жеткізді. Харбинде өткен жарыста Мұңайтпасұлы «джиу-джитсу» күресінен алтын медаль жеңіп алды. Осы додадан кейін «Маньчжурия чемпионы» деген атаққа ие болды. Ал бір жылдан кейін Алманияда өткен дүниежүзілік жарыста топ жарды. Швецияның Гётеборг қаласында өткен француз күресінен әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты. Сөйтіп, осы күрес бойынша әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ болды. 1910 жылы Еуропа және Ресей палуандардың үлкен тобы Америкаға аттанды. Оның ішінде Қажымұқан да болды. Оңтүстік Америка қалаларына жасалған турнеде Қажымұқанның ең сәтті өнер көрсеткен жері – Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласы.

Сол жерде ол алтын медальмен мараппатталды. Троицк қаласында өткен жарыста Қажымұқан неміс палуаны Вестергард Шмидт, француз Фисури Колос, эстондық Тигане, орыс Петров және тағы басқа атақты спортшылардан басым түсті. Қажымұқанды Варшавада өткен халықаралық жарысқа шақырады, ол жерде Қажымұқан атақты Поль Абс, Ресей чемпионы Иван Яго және неміс палуаны Вейланд-Шульцпен кездеседі.

Қажымұқан алтын медальды жеңіп алса, Лаубе мен Поль Абс күміс және қола медальдарына ие болды. Жарты жылдан кейін Қажымұқан Варшава біріншілігіне қатысу үшін, Польшаға қайтып келеді. Ол жүлделі орын алды, бірақ чех палуаны Карл Поспешил, әлем чемпиондары Карл Завт пен Георг Лурих одан жоғары орын алды.

1913 жылы Қажымұқан Иван Поддубный, Иван Заикин, Николай Вахтуров және Алекс Аберг сияқты көрнекті палуандармен бірге бірнеше ірі халықаралық жарыстарға қатысты, кейбіреулерінде алғашқы үштік жеңімпаздар қатарынан көрінді. 1913 жылдың аяғында Троицк қаласында өткен жарыста Қажымұқан үлкен жетістіктерге жетті, 18 рет кілемге шыққан ол, еш жеңілген жоқ. Оның жеңгендерінің ішінде атақты неміс палуаны Вестергард Шмидт, француз Фисури Колос, эстондық Тигане, орыс палуаны Петровтар болды.

1914 жылы Қажымұқан Нижний Новгород қаласындағы жарыста оның негізгі қарсыласы Вестергард Шмидт болды. Шмидтпен болған бұл күрес те Қажымұқанның жеңісімен аяқталады. Азамат соғысынан кейін ол күресті дамытуды қолға алды – Қазақстан аумағында түрлі чемпионаттар ұйымдастырды. 1926 жылы Қызылордада алғашқы кәсіби театр ашуға күш салды, демеу жасап, қолдау білдірді. Бұл театрда Әміре Қашаубаев, Қазақстан халық әртісі Қалибек Қуанышпаев, атақты ақын Иса Байзақов сияқты белгілі азаматтар өз өнерлерін бастады.

Қажымұқан 24 елде өнер көрсетіп жалпы 48 медаль жеңіп алған. Бұл есепке 1910 жылға дейін жеңіп алған наградалары кірмей қалған, олардың көбі Челябинсктің «Турци» циркінде болған өрттің кезінде жанып кеткен. Алайда осы медальдардың біреуі де не әйелдерінде, не балаларында сақталмаған. Өмірінің соңғы жылдарында қарт балуан НКВД жендеттерінің тікелей қадағалауында болды. Өйткені батыр совет билігі мен партия шенеуніктерінің кейбір былықтарын сынаған болатын.

Соның кесірінен қарт балуанға баспана берілмей, зейнетақыдан қағылады, бала-шағасын бағу үшін ол кезінде алған медальдарын сатуға да мәжбүр болған. Ұла даланың атақты балуаны 1948 жылы пневмониядан қайтыс болған.

Қазақтың Қажымұқаны туралы деректі және көркем фильмдер түсірілген. Бірқатар қалаларды көшелер, спорт нысандары оның есімімен аталады. Оңтүстік Қазақстан облысында музей ашылды. Палуанның құрметіне жыл сайын елімізде халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізіліп келеді.

Соңғы жаңалықтар