7-ші Қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасына алаугерлерді іріктеу басталды - С.Құранбек
АСТАНА. Тамыздың 5-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстанның барлық өңірінде 7-ші Қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасына қатысушы алау алып жүрушілерді іріктеу басталды.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшілеріне берген сұхбатында Азия ойындары Алау эстафетасы дирекциясы басшысының орынбасары Сәрсен Құранбек айтты.
С.Құранбектің айтуынша, Қазір Азия ойындарының Алау эстафетасы өтетін барлық аймақтарда ұйымдастыру дирекциялары құрылып, алау алып жүрушілерді іріктеу жұмыстары басталды.
Алау эстафетасын өткізудегі басты мақсат - бұқаралық, оның ішінде балалар мен жасөспірімдер арасында спортты насихаттау болғандықтан, іріктеудегі жас ерекшелік 14 жасқа дейін түсірілді. Яғни 14 жастағы балалар мен қоғамға, мемлекетке еңбегі сіңген кез-келген азамат, өзінің өтінімін облыс әкімдері басқарған өңірлік комиссияларға жолдай алады.
Жергілікті деңгейде іріктеу қазан айының 1-інде аяқталады. Қазанның 1-і мен желтоқсанның 1-і аралығында 7-ші Қысқы Азия ойындарын Ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетовтың төрағалығымен өтетін кеңесте тізім толықтай бекітіледі.
Алау эстафетасына қатысуға 14 облыс пен Алматы қаласынан - 60, Астана қаласынан - 100 адам таңдап алынады. Республика бойынша барлық саны - 1 мыңға жуық. Әрбір алаугер 200 метр қашықтықты жүгіріп өтуі тиіс. Эстафетаның жалпы қашықтығы 15 мың шақырымнан астам. Оларға арнайы автоколонна ілесіп жүретін болады. Азия ойындары және Қазақстан тарихында алғаш болғалы отырған бұл оқиға жер-жерлерде тікелей эфир арқылы көрсетілетін болады.