«7 триллион теңгені қайтсек аламыз?» - республикалық басылымдарға шолу
***
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» ХДП XII съезінде сөз сөйлеп, атқарушы билікке таяудағы бесжылдықта жүзеге асыруға тиісті жеті міндет жүктегені белгілі. Осы жеті міндетті жүзеге асырудың нәтижесінде 2015 жылы елімізде жылдық ішкі жалпы өнім 7 триллион теңгеге өсіп шығуға тиіс. Мінеки, Елбасымыздың атқарушы билікке жүктеген жеті міндетінен алатын түпкі нәтижеміз - осы». «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «7 триллион теңгені қайтсек аламыз?» деген мақала осы мақсатқа қалай, қайтіп жетеміз деген мәселелер төңірегінде ой қозғаған.
Аталмыш басылымдағы ана тіліміздің тағдырына назар аударған келесі мақала «Тіл туралы» заңды бұзған» деген тақырыппен мемлекеттік тілді қастерлемей, «Тіл туралы» заңды бұзған лауазымды тұлғалардың жауапқа тартылғаны туралы жазды.
«Егіздердің дүниеге келуінде үлкен сыр бар екені анық. Сондықтан да қайсыбіреулер бұл құбылысты тұқым қуалаушылық десе, енді біреулер адам баласының ағзасындағы генетикалық өзгерістерге байланысты дейді». Осылай ой өрбіткен «Айқын» басылымындағы «Егіздер» тақырыбымен берілген келесі мақала ғажайып құбылыстың сырына үңілген.
***
«Рустам Эмомали тақ мұрагерінің орнына лайық па?» -деп, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмоновтың ұлы Рустам Эмомалидың саясаттағы қадамдарын салмақтаған «Нұр Астана» басылымының бүгінгі саны осы сауалға жауап іздепті.
Апталық газеттің осы нөміріндегі «Қаладан жұмақ іздеп жүрсіз бе?» деген тақырыппен берілген мақала ауылдық өңірлердегі білікті мамандар тапшылығы мен қаладағы жұмыссыздық проблемасына қатысты ой қозғайды.
***
«Астана ақшамы» басылымының бүгінгі санында «Әлеумет сауалы - әкім жауабы» деген тақырыптағы материалда қала тұрғындарының білім алу, денсаулық сақтау және басқада әлеуметтік мәселелер төңірегіндегі сауалдардарына Астана қаласының әкімі Иманғали Нұрғалиұлы жауап берген.
***
«...Шымкент шаһарында жүздеген жекеменшік наубайханалардан өзге бірде бір нан зауыты жоқ. Нан өнімдерінің сапасын тексеріп жатқан мекемені көрмейсіз. Біле білсек, наннан да ауру шығады, соның ішіндегі ең қауіптісі - картофель таяқшасы», - дейді «Алаш айнасы»бүгінгі санында. «Дастарханыңдағы наның «шыбынханада» пісіріліп жатыр» деген тақырыппен берілген бұл мақала әркім пісіріп жүрген ас атасының сапасыз пісірілуі салдарынан сақтануға шақырады.
«Жасанды түсіктен дамыған елдерді шаң қаптырып жүрміз». Осындай тақырып қойған келесі мақалада елдігімізге сын болатын өзекті мәселеге назар аударған газет: «Бүгіндері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлемде жыл сайын орта есеппен 46 миллион жасанды түсік жасалады екен. Яғни құрсақтағы болашақ сәбилердің 22 пайызын жарық дүниеге келтірмей, өз қолымызбен тұншықтырамыз. Өкінішке қарай, біз тек қана бала көтеруге қабілетті әйелдер арасындағы жасанды түсіктің өзінен 4-5 есеге алдамыз», - деп жазады.
Сондай - ақ осы басылымның «Түркі мемлекеттеріне ортақ саяси ұйым құратын кез жетті ме?» деген тақырыптағы ой-көкпарында жазушы Смағұл Елубай мен саясаттанушы Расул Жұмалының пікірлері берілген.
***
Мемлекет Басшысы Н. Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысында ұшақ апатынан қаза тапқан әскерилердің отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтты. Елбасы осы тосын апаттан қайтыс болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына материалдық көмек көрсетіп, қажетті қолдау жасауды Үкіметке тапсырды. Бұл турасында «Казахстанская правда» газеті жазды.
Қаржы полициясы агенттігі жыл басынан бері бюджет қаражатын жымқыруға байланысты 500-ден аса қылмыстық іс қозғады. Бұл тақырыпқа «Известия-Казахстан»газеті мақала арнаған. Осы материалында газет сондай-ақ қаржы полициясы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Анатолий Рябцевке қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтағанын хабарлаған. Комитеттің бұрынғы төрағасы мен оның орынбасарына қызмет бабын пайдаланып, мемлекетке орасан шығын келтірді деген айып тағылғаны мәлім.
Халыққа қызмет көрсету орталықтары жеке басты куәландыратын жаңа үлгідегі - микрочипі бар куәліктерді бере бастады. Бұл жаңалықтың егжей-тегжейін «Экспресс К» басылымы жазған.
Осы газеттің бүгінгі санынан сондай-ақ елдегі инфляция деңгейі, халық салымдарының өсімі төңірегіндегі соңғы мәліметтерді де табуға болады. Басылым Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың баспасөз мәслихатынан деректер келтірген.