7 жасар қарағандылық қыз Little Miss World-2019 сайысына аттанды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Кішкентай Айша Әбенова Little Miss World-2019 халықаралық сұлулық және талант байқауына аттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

7 жасар қарағандылық қыз Little Miss World-2019 сайысына аттанды

Кішкентай сұлулар сайысы Түркияда Бодрум қаласында өтеді. Сол жерде сонымен қатар Photomodel world-2019 атағының жас иегері анықталады.

«Маған модель болу ұнайды және болашақта осы кәсіпті таңдағым келеді. Үш жылдан бері бал және халық билерімен, музыкамен айналысамын, фортепианода ойнаймын. Өткен жылы Mini Miss Karaganda-2018 байқауында жеңіске жеттім. Шынымды айтсам қатты қобалжыдым. Менің атымды жариялаған кезде, денем түршігіп кетті. Енді Қазақстанды халықаралық байқауда таныстыратын боламын», - дейді 7 жасар Айша Әбенова.

Бүлдіршін қыз Қарағанды қаласының № 45 гимназиясының 1 сыныбында оқиды. Анасының айтуынша, бұл Айшаның өнер көрсеткелі отырған бесінші байқауы. Ол Mini miss grand prix Russia-2018 титулының иегері. Кішкентай модель кәсіби агенттіктің фото және бейнетүсіріліміне қатысады. Өткен жылы Қазақстан Республикасы Астанасының 20 жылдығына арналған «Өмір тарихы» деректі фильміне де түскен.

«Айшаның алғашқы фотосессиясы үш жасында болды. Бәрі сол кезде басталды. Содан кейін Қарағанды, Алматы және Мәскеуде сұлулық байқаулары болды. Менің төрт балам бар, олардың ішінде Айша ең белсендісі. Оның қолынан барлығы келеді, бірақ ол үшін көп жұмыс істеу керек. Бодрумдағы конкурсқа біз екі айға жуық дайындалдық, жеке би билеп, ұлттық костюм мен кешкі көйлек тіктірдік», - дейді Зарина Әбенова.

Кішкентай мисс тәлімгері Мәдина Ахметбаева атап өткендей, халықаралық байқауда оның шәкірті ұлттық өнерге баса назар аударады.