7 желтоқсан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 7 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

туған күн
Фото: Kazinform/Midjourney

83 жыл бұрын (1941) химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұрат Жұрынұлы ЖҰРЫНОВ дүниеге келді.

Мұрат Жұрынұлы ЖҰРЫНОВ
Фото: kaznu.kz

Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында туған.

Еңбек жолы: 1970-1982 жылдары Қазақ химия-технологиялық институтында аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, факультет деканы болып қызмет атқарды. 1982-1985 жылдары Қарағанды мемлекеттік университетінің проректоры, 1985-1991 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының Органикалық синтез және көмір химиясы институтының директоры, 1991-1997 жылдары Қ.А. Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университетінің ректоры болып еңбек етті. 1997-2001 жылдары Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті, 2001-2007 жылдары Білім және ғылым министрлігінің «Органикалық катализ және электрохимия» институтының директоры, 2010-2014 жылдары Қазақ-Британ техникалық университетінің ғылым бойынша проректоры, 2003-2023 жылдары ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті болды.

Химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының мүшесі (1989), «Парасат» (2005 ж.), «Барыс» (2011 ж.) ордендерімен және мемлекеттік медальдармен марапатталған.

Оңтүстік Қазақстан облысының, АҚШ-тың Кентукки штатының, сондай-ақ Арыс, Түркістан, Кентау және т.б. қалалардың құрметті азаматы.

75 жыл бұрын (1949) мемлекет қайраткері, ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Ләззат Кетебайұлы ҚИЫНОВ дүниеге келді.

Ләззат Кетебайұлы ҚИЫНОВ
Фото: forbes.kz

Маңғыстау облысы Таушық ауылында туған. 1971 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын бітірген, тау-кен инженері. Техника ғылымының докторы.

Еңбек жолы: 1977-1979 жылдары партияның Маңғышлақ облыстық комитетінде өнеркәсіп-көліктік бөлімінде нұсқаушы болып жұмыс істеді. 1979-1982 жылдары «Мангышлакнефтепромхим» аумақтық-өндірістік басқармасында бас инженер болды. 1982-1987 жылдары Қаражанбас қабаттардың мұнай қайтарымын арттыру және ұңғымаларды күрделі жөндеу бойынша басқарманың басшысы және «Каражанбастермнефть» мұнай қазба басқармасының басшысы қызметін атқарды. 1987-1992 жылдары «Комсомольскнефть» мұнай қазба басқармасының басшысы, 1992-1993 жылдары «Мангышлакнефть» өндірістік бірлестігінің бас директоры болып жұмыс істеді. 1993-1995 жылдары Маңғыстау облысы әкімшілігінің басшысы болды. 1995-1997 жылдары Қазақстан Республикасы Мұнай және газ өнеркәсібі министрінің орынбасары, 1997-1999 жылдары Каспий құбыры консорциумында Бас директордың орынбасары болып жұмыс істеді. 1999-2002 жылдары Маңғыстау облысының әкімі, 2002-2003 жылдары «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы» ЖАҚ президенті, 2003-2011 жылдары ҚР энергетика және минералды ресурстар вице министрі, 2011-2013 жылдары «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы қызметтерін атқарды. 2013-2017 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты болды.

Қазіргі қызметін 2019 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келеді.

«Парасат», «Отан» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

56 жыл бұрын (1968) ҚР жеңіл атлетика федерациясы атқару комитетінің мүшесі Эльдар Рашитович ТАБАНОВ дүниеге келді.

Эльдар Рашитович ТАБАНОВ
Фото: qazathletics.kz

Алматы қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген.

Еңбек жолы: 2001-2003 жылдары «Астана-энергосервис» ААҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды, 2004-2005 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Сауда өкілеттігінің Кеңесшісі болды. 2005-2007 жылдар аралығында ҚР Премьер-Министрі Канцеляриясының өндіріс саласы мен инфрақұрылым бөлімшесінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.

2007 жылы ҚР Премьер-Министрінің Кеңесшісі қызметін атқарды, 2007-2008 жылдары «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ магистральді теміржол желісі департаменті директорының орынбасары болды. 2008-2009 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі Кеңесшісі болып қызмет атқарды, 2009-2011 жылдары «ЦеснаБанк» басқарма төрағасы аппаратын басқарды, 2011-2012 жылдары ҚР Қорғаныс министрі кеңесшісі болды. 2013-2015 жылдары «Водоканалпроект» АҚ президенті міндетін атқарды, 2015-2016 жылдары «Astana» ӘКК ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары, 2016-2017 жылдары «Astana» ӘКК ҰК АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі болды. 2017 жылдан бері «City Box» ЖШС директоры.

Әр жылдары мынадай қызметтер атқарды: «Астана-недвижимость» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «САК Иншуранс» Сақтандыру компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, («Цесна Гарант» сақтандыру компаниясы), «САК Иншуранс» Сақтандыру компаниясы» АҚ, «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ, «Ақмола Электржелілік Үлестіру Компаниясы» АҚ тәуелсіз директоры.

53 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, «Қазақстан халық партиясы» төрағасының орынбасары Магеррам Мамедович МАГЕРРАМОВ дүниеге келді.

Магеррам Мамедович МАГЕРРАМОВ
Фото: parlam.kz

Алматы облысында туған. 2009 жылы академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы экономика және құқық институтын «заңгер» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1992-1993 жылдары «Тахмина» ШЖК экспедиторы, 1993-1994 жылдары «Трабзон» ШЖК директоры, 1995-2000 жылдары жеке кәсіпкер болды. 2000-2001 жылдары «Зарина» шаруа қожалығының директоры, 2001-2004 жылдары ҚКП ОК мүшесі, Алматы облыстық комитетінің бірінші хатшысы, 2004-2012 жылдары ҚХКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚХКП Алматы облыстық комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. 2012-2015 жылдары ҚХКП ОК Ұйымдастыру-партия және кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі, ҚХКП ОК Саяси бюросының мүшесі болды. ҚХКП Алматы қалалық комитетінің бірінші хатшысы, ҚХКП ОК Саяси бюросының мүшесі.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың наурыз айынан бері атқарып келеді.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

38 жыл бұрын (1986) Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Маратұлы ИСАТАЕВ дүниеге келді.

Рустам Маратұлы ИСАТАЕВ
Фото: Алматы облысының әкімдігі

Семей қаласында туған. 2008 жылы Ұлыбританияның Дарэм университетінде «экономика», 2021 жылы АҚШ-тың Гарвард университетінде «Мемлекеттік басқару магистрі» мамандықтары бойынша білім алған.

Еңбек жолын 2008 жылы ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Макроэкономикалық талдау және жоспарлау департаментінің бас сарапшысы болып бастады. 2009-2012 жылдары ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі қызметін атқарды. Келесі екі жыл ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының кеңесшісі болып жұмыс істеді. 2014-2018 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы лауазымында жұмыс істеді. 2018-2019 жылдары «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, 2019-2020 жылдары ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы болды. Кейіннен жеке құрылымдарда жұмыс істеді.

2023 жылғы мамыр айынан қазіргі қызметін атқарып келеді. 

Соңғы жаңалықтар