7 желтоқсанда ІІ Астана интернет форумы өтеді
АСТАНА. 27 қыркүйек. ҚазАқпарат - Биылғы, яғни ІІ Астана интернет форумы желтоқсанның 7-сінде өтеді деп жоспарланып отыр.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан блогерлер одағының президенті Данияр Закираев айтты.
Оның мәліметінше, шараға шамамен 150-200 адам қатысады.
«Форумда 12 спикер болады. Атап айтар болсақ, ҚазНетке танымал Асхат Еркінбай, Батыр Хамзаұлы, Дінмұхамед Зиядин және тағы басқалар тәжірибелерімен бөліседі», - деді Д. Закираев.
Форумда негізінен ІТ, жаңа медиа туралы сөз қозғалады. Алайда негізгі тақырып сайтты монетизациялау жайында болмақ. Және осыған салалас тақырыптар, яғни СММ, контент толтыру сияқты мәселелердің де қыр-сыры ашылады.
«Бүгінде форумға қатысты барлық ақпараттар салынатын арнайы сайт дайындалып жатыр. Оның бір бөлімінде форумға тіркелу жолдары көрсетілетін болады. Әрбір адам сол сайтқа тіркеліп, форумға қатыса алады», - деп атап өтті ол.