7 жылдан асқан автокөліктерді техбайқаудан өткізу мерзімі ұзартылды
АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат - Пайдаланған мерзімі 7 жылдан асқан автокөліктерді техникалық байқаудан өткізу мерзімі ұзартылды.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Көлік және коммуникация вице-министрі Қайрат Әбсаттаров мәлім етті.
«Пайдалану мерзімі 7 жылдан жоғары жеңіл автокөліктер үшін техникалық байқаудан өткізу мерзімі қабылданған Үкімет Қаулысына сәйкес 6 айға ұзартылады. Жаңа құжаттың күші техникалық байқау талонында көрсетілген мерзімге сәйкес тек қана мамыр-қыркүйек айлары аралығындағы кезеңде міндетті техникалық байқаудан өтуге тиісті автокөліктерге қатысты болады», - деді вице-министр.
Атап айтқанда, мамыр айында техникалық байқаудан өтуі тиіс автокөліктер қараша айына дейін, маусым айында мерзімі тақалған автокөліктер желтоқсанда, ал шілдеде техникалық байқаудан өтуі тиіс машиналар 2013 жылғы қаңтар айында, тамыздағы көліктер 2013 жылғы ақпан айында, қыркүйектегілер алдағы жылдың наурызына дейін техникалық байқаудан өтіп болулары тиіс. Ал ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін және қыркүйек айынан кейін техникалық байқаудан өтуге міндетті автокөліктер бұрынғы бекітілген мерзімге сәйкес тексерілетін болады.
Қ. Әбсаттаровтың пайымдауынша аталған шара техникалық байқау орталықтарында ұзын-сонар кезекті болдырмау, сондай-ақ орталықтарды бірыңғай ақпараттық жүйеге қосу мақсатында қабылданып отыр.
Аталған ведомствоның көліктік бақылау комитетінің төрағасы Бақыт Әбішевтің айтуынша, бүгінде елімізде техникалық байқау орталықтары саны жеткіліксіз. Сондықтан да Үкімет тарапынан осындай қаулы дайындалып бекітілді.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, биыл 3,1 млн. автокөлікті техникалық байқаудан үзіліссіз өткізу үшін республика бойынша шамамен 400-ге жуық техникалық байқау желісінің жұмысын ұйымдастыру қажет. Бүгінде Қазақстанда 287 желі іске қосылды.
«Әр күн сайын елімізде 6 мың автокөлік техникалық байқаудан өтеді. Бүгінде 270 мың автокөлік тексеруден өтті. Ал, 33 мың көлік техникалық олқылықтарға байланысты сыннан өте алмады»,-деп тоқталды Б. Әбішев.
Оның айтуынша, қабылданып отырған шара техникалық байқаудан өте алмаған көлік иелеріне тиісті жөндеу жұмыстарын жасап, көліктерін даярлап, ұзартылған мерзім ішінде тексеруден өтуге толық мүмкіндік береді.
Айта кетейік, қазіргі кезде қазақстандық кәсіпкерлер тарапынан қосымша 131 техникалық байқау желісіне тапсырыс түскен. Аталған қондырғыларды әзірлеп, жеткізуге орташа есеппен 3 ай уақыт қажет болады. Осыған орай екінші тоқсанның ортасына қарай техникалық байқау орталықтарының саны еліміздің автопаркін аталған қызметпен қамтамасыз етуге жеткілікті болады деп жоспарланып отыр.