70-тен астам елордалық өкпенің созылмалы ауруына қарсы күрес бойынша кеңес алды

АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - Астанада №1 қалалық ауруханада «Әлі де кеш емес» ұранымен Дүниежүзілік созылмалы обструктивті өкпе ауруларына қарсы күрес күні атап өтілді. Бұл туралы astana.kz сайтына №1 қалалық аурухананың маркетинг және халықаралық ынтымақтастық бөлімінен хабарлады.

70-тен астам елордалық өкпенің созылмалы ауруына қарсы күрес бойынша кеңес алды

Шара барысында елордалық белгілі пульмонолог дәрігерлер «Астана» медицина университеті» АҚ пульмонология кафедрасының профессорларымен және доценттерімен бірлесіп науқастарға кеңес берді. Бұл күні 70-тен астам Астана тұрғыны мамандардың көмегіне жүгінді. Сонымен қатар, дәрігерлер мен науқастарға арналған дәрістер де оқыды. Аталған індетке қарсы күрес туралы дәрістерді 130 елордалық дәрігер тыңдады.

Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасынан хабарлағандай, қалада 3 мыңнан астам адам созылмалы обструктивті өкпе ауруларына шалдыққан. Мамандардың атап өтуінше, індеттің туындауының басты себептерінің бірі - темекі шегу.

Ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты - аурудың туындау себептеріне назар аудару, ауру туралы мәліметтерді кеңінен тарату, науқастарға көрсетілетін көмекті жақсарту, темекіге тәуелділіктің таралуын төмендетуге әсер ету, темекі шегудің алдын алу және оның ағзаға зиянды әсері туралы қоғамды ақпараттандыру болып табылады.