70 жастағы тәжік студенті Гиннесс кітабына енуден үмітті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәжікстанның Хатлон облысы Жылыкөл ауданындағы Сеюм ауылының тұрғыны Гуломхайдар Искандаров 70 жасында жоғары оқу орнының табалдырығын аттады.
None
None

2014 жылы ол Носир Хусрав атындағы Қорғантөбе мемлекеттік университетінің тәжік филологиясы факультетіне сырттай оқуға түсті, деп хабарлайды Азаттық.

Бұрын Хатлон облысындағы педагогикалық, ауылшаруашылық және технологиялық коллеждерді бітірген қария туған ауылында бастауыш мектепке сабақ беріп келген. Зейнеткер ежелгі арманы - университетте білім алу үшін оқуға түскенін айтады. Бірнеше жыл бұрын зайыбы қайтыс болған. Екі ұлы - Ресейде еңбек мигранты, ал екі қызы - үйлі-баранды, сондықтан Гуломхайдар Искандаров өмірдің жаңа белесіне бет бұрады. Ол филология факультетін бітірген соң заң факультетінің сырттай бөліміне түсуді жоспарлап отыр.

Гуломхайдар Искандаров оқуға қиналмайтынын айтады. «Сондықтан жылына екі рет 40 күннен оқу маған қиын емес», - дейді ол.

Гуломхайдар жас кезіндегі арманын жүзеге асырып, егде тартқан шағында университетке түсуге ресейлік 74 жастағы студент үлгі болғанын айтады. Ол туралы теледидардан естіген қария «Гиннестің рекордтар кітабына мен туралы жазса қуанатын едім», дейді.

Қорғантөбе мемлекеттік университеті әкімшілігі «жаңа һәм қарт» студенттің оқуға түскеніне таңғалды. Әдетте дәстүрлі тәжік қоғамында 60-тан асқан адамдар өздерін қарттар санатына жатқызып, жұмыстан алшақтап, дінге бет бұрады және немерелерін тәрбиелейді.

Дегенмен олар Гуломхайдар Искандаровтың бұл әрекетін «елге үлгі» деп бағалап, «жас студентерге де өнеге» деп санайды. Қорғантөбедегі Носир Хусрав атындағы университет проректоры Абдулхай Комили Искандаровқа дейін ЖОО-да 50 жастағы студенттің «ең кәрі шәкірт» саналып келгенін айтты. «Егер 70-тегі адам білім алуға ұмтылса, оны тек қолдау керек»,- дейді ол.

Ал Гуломхайдар Искандаров дәріс тыңдап, тәжірибелік сабақтарға қатысып, қысқы сессиядағы алғашқы емтиханын тапсыруға дайындалып жүр.

Соңғы жаңалықтар