70 жылдық мерейтойын атап өткен мекеме ардагер геологтарға құрмет көрсетті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы «Волковгеология» мекемесі 70-жылдық мерейтойын атап өтіп, ардагер геологтарға құрмет көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

70 жылдық мерейтойын атап өткен мекеме ардагер геологтарға құрмет көрсетті

«Волковгеология» АҚ «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы қызметінің негізгі бағыттарын геологиялық қамтамасыз ететін және компанияның уран өндіруші кәсіпорындарында тау-даярлық жұмыстары үшін технологиялық бұрғылауды жүргізетін бас кәсіпорын.

Геологиялық барлау мекемесі ғалымдарының зерттеулері нәтижесінде елімізде уранның 40-тан аса кен орны ашылған болатын. Кен орындарынан жиналған уранның жиынтық қоры - 1,3 млн. тоннаны құрайды. Бұның өзі дүниежүзіндегі ең ірі минералды-шикізат базасын құруға жол ашты.

Бүгінде компания өндірістік-техникалық базасы мен әлеуметтік инфрақұрылымы дамыған заманауи құрылым. Компанияда 3500-ден астам адам жұмыс істейді. Кәсіпорын басшылығының мақсаты - 2027 жылға дейін Қазақстандағы уран қорының өсімін 190 мың тоннаға жеткізу.