700-ден астам ауыл баласы «IQanat» аясында грантқа таласады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «IQanat» олимпиадасының қорытынды турына еліміздің әр өңірінен келген 9 сыныптағы 701 бала қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

700-ден астам ауыл баласы «IQanat» аясында грантқа таласады

Оқушылар барлық облыстағы 162 ауданнан келді. Бұл балалар - ауыл мектептеріндегі 30 мың оқушының үздіктері.

«Бұл бағыттағы қадамдар бизнес пен мемлекет ынтымақтастығы негізінде іске асырылуда. Осы орайда бизнес білім беру жобаларын іске асыруға өз үлесін қосып жатқанына қуаныштымын. Сонымен қатар, «IQanat-тың» ауыл балаларын оқытуға бағытталғаны маңызды болып отыр. Себебі мектептердің негізгі бөлігі ауылда орналасқандықтан, бұл ретте түрлі жағдайларға байланысты оларға өздерінің әлеуетін жүзеге асыру қиындау болады», - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова.

Оның сөзіне қарағанда, осындай жобаларды министрлік алдағы уақытта ерекше қолдайтын болады.

«Жоба дарынды балаларды анықтауға көмек көрсетіп келеді. Мұндай жобаларды қолдауды жалғастырамыз, сондықтан бизнеспен бірлескен жоспарлар аз емес. Атап айтқанда, білім саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында заңнамалық шаралар қабылдануда», - деді вице-министр.

Олимпиада математика, физика, ағылшын тілі және эссе конкурсы бойынша бағыттарды қамтып отыр. Қатысушылардың 225-і эссе жазуда, 202-сі ағылшын тілінен, 149 бала математикадан және 136 оқушы физика пәнінен өзара бәсекеге түседі.

Осы шараның нәтижесі 4 шілде күні жарияланбақ және осы күні жеңімпаздар марапатталады. 4 пән бойынша 12 жеңімпаз ҰБТ-ны тапсыруға және грантқа жоғары оқу орнына түсуге жан-жақты дайындықтың бірегей мүмкіндігіне ие болады. Бұдан бөлек, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры қамтып отырған 100 гранттың иегері анықталады. Бұл балалар 2020 жылы Бурабайда ашылатын «IQanat Kazakh-English High School» мектебінде оқу мүмкіндігін алады.