700-ге жуық алматылық жас ҚР Қарулы күштер қатарына шақырылады

Ведомствоның мәліметінше, Алматы қаласының жас буыны Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің және Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдерінде қызмет өткеретін болады.
Әскери қызметке шақыру кезінде эпидемияға қарсы талаптар қолданыстағы заңнамаға сәйкес сақталады.
Болашақ сарбаздарды шақыру жөнінде хабардар ету SMS арқылы, сондай-ақ үй және қызметтік мекенжайлары бойынша жеке шақыру қағаздарын жолдау арқылы іске асырылады.
«Азаматтарды әскери қызметке шақыруды жергіліктi атқарушы органдар ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.
Жергілікті атқарушы органдар әскери басқару органдарын жабдықталған әскерге шақыру (жиын) пунктерімен, оларды күтіп-ұстауды, дәрі-дәрмектермен, керек-жарақтармен, өртке қарсы, медициналық және шаруашылық мүлікпен, автомобиль көлігімен, сондай-ақ байланыс және күзет құралдарымен қамтамасыз етеді.
Азаматтарды әскери қызметке шақыру үшін белгіленген тәртіппен әскерге шақыру комиссиялары құрылады», - делінген ҚР Қорғаныс министрдігінің жауабында.
Мәлім етілгендей, Алматы қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде «Қарулы күштер – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі (Наурызбай батыр көшесі, 96-үй мекенжайы бойынша) жұмыс істейді. Алматы қаласындағы кеңсеге 8(727)272-86-48 нөмірі арқылы хабарласып, қажетті ақпаратты, сұрақтарға жауап алуға болады.