700 мұнайшы Каспий теңізіндегі жасанды аралдарда дауыс береді
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысында мұнай-газ саласында қызмет ететін 12 000 қазақстандық сайлауға қатысады, деп хабарлады облыстық сайлау комиссияның мүшесі Әсия Қыстаубаева.
Басқа аймақта тұратын, бірақ сайлау күні Атырау облысында вахталық ауысымда болатын қазақстандықтар шығару куәліктері арқылы дауыс бере алады. Сондай-ақ, алдын ала аудан әкімі атына өтініш білдіріп, тізімге енгізілгендердің де дауыс беруге мүмкіндігі бар. Вахталық ауысым бойынша көп дауыс берушілер Теңіз кен орнында. Онда 9 мыңға жуық адам бар. 26 сәуір күні таңертең көлік ұйымдастырылып, оларды жақын маңдағы сайлау учаскесіне жеткізеді. «Болашақ» зауытында барлығы 2300 қазақстандық жұмыс жасайды. Олар Талғайран ауылындағы №77 және Ақсай ауылдық округіндегі №55 сайлау учаскесінде дауыс береді, оларды автобуспен апарады», - деді Ә.Қыстаубаева.
Оның айтуынша, Каспий теңізіндегі 5 жасанды: «Д», «А», EPC-2, ЕРС-3 и ЕРС-4 аралдарындағы 700-ге жуық қазақстандық жұмысшы сол аралда дауыс беретін болады.
«Атырау қаласының №43 сайлау учаскесі комиссия мүшелері ірі жасанды «Д» аралында дауыс беруді өткізсе, №39-ші сайлау учаскесінің комиссия мүшелері қалған төрт аралда өткізеді. Сайлау комиссиясы мүшелері мен сайлау жәшігін аралға тікұшақпен жеткізеді», - деді Ә.Қыстаубаева.