7173 үміткерден әкімдікке кандидаттар ретінде 7018 адам тіркелді - ОСК

АСТАНА. 25 шілде. ҚазАқпарат - 24 шілдеде Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық окуругтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдігіне кандидаттарды ұсыну аяқталды. Аудандық және қалалық сайлау комиссияларының ұсынған деректеріне сәйкес, республика бойынша ұсынылған 7173 үміткерден әкімдікке кандидаттар ретінде 7018 адам тіркелді. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте мәлім болды.

7173 үміткерден әкімдікке кандидаттар ретінде 7018 адам тіркелді - ОСК

ОСК баспасөз хатшысы Венера Жексембекованың айтуынша, сайлау науқанына қатысқан кандидаттардың сапалық құрамында түбегейлі өзгерістер болған жоқ. «Ұсыну аяқталғаннан кейін 46 кандидат жеке өтініштері бойынша өз кандидатураларын алып тастады. Ал аумақтық сайлау комиссияларының шешімі бойынша 55 кандидатты тіркеуден бас тартылды. Тіркеуден бас тартудың негізгі себептері аталған кандидаттардың 2013 жылғы 24 сәуірдегі ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген Әкімдерді сайлау қағидаларының талаптарына сәйкес келмеуі болып отыр. Сонымен қатар, тіркеуден кейін 51 кандидат шығып қалды. Олардың 15-і кандидатураларын өз өтініштері бойынша алып тастаса, 36 кандидат аумақтық сайлау комиссияларының шешімімен алынды. Өйткені, аталмыш кандидаттардың кіріс және мүлік туралы ұсынған мәліметтері салық органдарының анықтаған мәліметтерімен сәйкес келмеді», - дейді В. Жексембеков.