7300-ден астам астаналық олимпиадалық жүгіру күніне қатысты
АСТАНА. 21 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін елорданың астаналық саябағында үлкен спорттық мереке ұйымдастырылып, Олимпиадалық жүгіру күніне 7300-ден астам адам қатысты, деп хабарлады Астана қалалық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының баспасөз қызметінен.
Спорттық шараны ҚР туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов ашы. Сонымен қатар бұл шараға алғаш рет еліміздегі Ұлыбритания елшілігі де атсалысты. Олимпиадалық жүгіруге қатсушыларды құттықтаған Ұлыбритания елшісінің орынбасары Джон Терлоу: «Қазақстан әрқашанда әлемдік олимпиадалық қозғалыстарға белсенді қолдау көрсетеді және тұрақты өткізілетін спорттық-бұқаралық іс-шаралар соған дәлел бола алады», - деді.
Ағымдағы жылы спорттық мерекеге Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбырайымов, Юрий Мельниченко, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерлері Елена Хрусталева, Георгий Цурцумия қатысты.
«Дүниежүзілік Олимпиада күні» - Халықаралық Олимпиада комитетінің шешімімен 1948 жылдан бері өткізіліп келеді. Сол жылдан бастап бұқаралық спорттық шараларды өткізу Олимпиада қозғалысының дәстүріне айналды. Алғашқы акция 1948 жылдың 23 шілде күні өтті. 1987 жылдан бұл шараға «Олимпиадалық жүгіру күні» деген атау берілді.