763 көлік апаты: Депутаттар 50 жыл жөндеу көрмеген жолға ақша сұрады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының бір топ депутаты «Қызылорда - Жезқазған - Есіл - Петропавл - РФ шекарасы» республикалық маңызы бар жолын жөндеуге қаражат бөлуді сұрап, Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Республикалық маңызы бар «Қызылорда - Жезқазған - Есіл - Петропавл - РФ шекарасы» автокөлік жолы 5 облыс аумағы арқылы өтеді. Ұзындығы 1352 шақырым. Атап айтқанда, «Қызылорда - Жезқазған» учаскесі - 412 шақырым, «Жезқазған - Есіл-Петропавл - Ресей Федерациясының шекарасы» учаскесі 940 шақырымды құрайды. Учаскелер бойынша тәулігіне 2000 - 6000 автокөлік жүреді. Жол 1970 жылдары білікке түсетін салмағы 6 тоннаға дейінгі өлшеммен салынған. Қазіргі уақытқа дейін жолға күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Көктемгі-күзгі кезеңдерде жолдың осы учаскелерінде жүріп өту қиынға соғып барады. Қатты жабыны бар жерде жол жамылғысы бұзылып, ойықтардың, шұңқырлардың пайда болуымен, құбырлар мен жер төсемінің деформациялануы байқалады. Жасанды құрылыстар қайта жаңартуды және кеңейтуді талап етеді», - дейді депутаттар сауал хатында.

Сенаторлар келтірген мәліметке сүйенсек, аталмыш жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу тиісті нәтиже бермейтін түрі бар. Өйткені қозғалыс қарқындылығы артып кеткен. Білікке түсетін жүктеме, сондай-ақ көлік құралдарының саны да көп.

«2016-2018 жылдар аралығында Қарағанды және Қызылорда облыстары бойынша «Қызылорда - Жезқазған» учаскесінде 763 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 387 адам қаза болған,1243 адам жарақат алған. Жолдың жай-күйі салдарынан ауыл тұрғындары қалалар мен аудан орталықтарынан алшақтықты сезінеді. Бұл ретте, жолдың бүліну қарқыны айтарлықтай үдеп, кейбір учаскелер қозғалыс үшін қауіпсіз деуге келмейді», - деп атап өтеді халық қалаулылары.

Қарағанды облысы Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешу мақсатында ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 3 қарашадағы №1283 қаулысымен «Қызылорда-Жезқазған-Петропавл» автожолын қайта жаңарту қарастырылған. Яғни, Қарағанды облысының Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген.

«Жыл сайын Ұлытаудың тарихи және қасиетті жерлеріне туристік мақсатта 30 мыңнан астам адам келеді. Ұлытау ауданы қазақ халқының тарихи орталығы, көшпелі мәдениет пен дала өркениетінің эпицентрі. Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» мақаласында да Ұлытау өңірінің ескерткіштер кешені төңірегінде ішкі туризмді дамыту қажеттігін атап өткен болатын. Ұлытау - туризмнің бағыттарын дамытуда зор әлеуетке ие. Негізгі ресурстар - Ұлытау таулары, тарих және мәдениет ескерткіштері. Оның 282-і «Ұлытау» қорық-мұражайы қорының тарихи-мәдени картасына «Жошы хан», «Алаша хан», «Домбауыл» кесенелері, «Теректі әулие» кешені, «Басқамыр» ежелгі қалашығы, Әулие тауы және басқа да көптеген нысандар кіреді. Туризмді дамытуда көлік инфрақұрылымы маңызды шарт. Өңірде туризмді дамыту үшін барлық перспективалар бар. Өйткені қызықты орындар, табиғи және мәдени ескерткіштер көп», - дейді олар.

Сонымен қатар, Арқалық өңірі Қазақстанның жұмыссыздық деңгейі өте жоғары депрессивті аудандарының тізіміне кіретіні атап өтілген. Олардың айтуынша, автокөлік жолы жай-күйінің проблемаларын шешу кен орындарын әзірлеу үшін өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырар еді. Ол тиісінше өңірдің экономикалық және әлеуметтік жаңғыруына әсер етеді.

«Қызылорда - Жезқазған - Есіл - Петропавл - Ресей Федерациясының шекарасы» автомобиль жолы Қазақстанның оңтүстік өңірлері мен Орталық Азия елдерін Қазақстанның солтүстік өңірлерімен және одан әрі Ресей Федерациясымен байланыстырады. Жобаны іске асыру іргелес салалар мен өңірдің әлеуметтік секторына көлік инфрақұрылымын дамытудан мультипликативтік әсерді арттырады. Сондай-ақ көлік жүйесінің озық инфрақұрылымын құру жөніндегі түйінді міндеттерді шешуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! Осы мәселенің жоғары әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын ескере отырып, республикалық маңызы бар «Қызылорда - Жезқазған-Есіл - Петропавл - Ресей Федерациясының шекарасы» автомобиль жолын қайта жаңарту үшін қажетті қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймыз», - деп түйеді Сенат депутаттары.

Соңғы жаңалықтар