78 мың медицина қызметкері еңбекақысына үстеме алады
«Үстемеақы алатындардың тізімін жедел штаб жанында құрылған өңірлік комиссиялар қалыптастырады. Ал комиссия төрағалары ретінде әкім орынбасарлары қызмет етуде. Сонымен қатар, оның құрамында медициналық сақтандыру қоры филиалдарының қызметкерлері, өңірлік бас санитар дәрігері, денсаулық сақтау басқармасының және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қамтылған», - деді ресми өкіл Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның сөзіне қарағанда, аталған тізім негізінде медицина қызметкерлеріне төлем жасалады.
«Бұл тұрғыда қордың мәліметінше, вирустық инфекция жағдайында жұмысқа тартылған медицина қызметкерлерінің саны ай сайын өскен. Егер наурызда осы үстемеақыны 19 адам алса, маусым айында олардың саны 53 мыңға дейін жетті. Ал шілде айының қорытындысы бойынша өзінің жалақысына үстемеақыны 78 мың қызметкер алады», - деді Қожахметов.