78 жастағы кентаулық қария шпагатқа отырып, еденге баспен тұрады
Түркістан облысының тұрғыны – 78 жастағы Жеңіс Берікқара шпагатқа отырып, білтемірге тартылады, деп хабарлайды Kazinform.
Кентаулық қарияны жерлестері «Салауаткер» деп атайды. Себебі, ақсақал әрдайым салауатты өмір салтын насихаттап жүреді. Спортқа құмар. Таңсәріде тұрып жаттығулар жасайды. Белтемірге тартылып, гір тасын көтереді. Тіпті шпагатка отырып, еденге баспен тұрады. Жасы 80-ге жақындап қалған қария үшін бұл жаттығулар түк қиындық тудырмайды.

«Екі көзім көрмей қалды. Сондықтан бұрынғыдай бабымда емеспін. Жас күнімде кеудеме тас қойып, балғамен ұрғызып сындыртатынмын. Қазір оған шамам келмейді. Қартайдым. Бірақ жаттығуларды үзбеймін. Таңертең және кешкісін аулада спортпен шығылданамын. Баламды ертіп, қала көшелерінде жаяу жүріп келемін. Мұздай суға түсемін. Баспен тұрып, аяқтарымды шынықтырамын. Мұның бәрі денсаулыққа өте пайдалы», – дейді ол.



Жеңіс Берікқара бұдан бөлек, қарапайым құрылыс материалдарынан түрлі композициялар жасаумен шұғылданады. Мәселен, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен жылы тасты қашап, ескерткіш балбалтас жасаса, Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында майдангерлердің ерлігін бейнелейтін композиция жасаған. Ал зымыран макетінің ішінен гүл өсірген композициясы бейбітшіліктің белгісін көрсетеді.

«Бос уақытымда гүл өсірумен айналыстым. Олардың арасында роза гүлден бастап, сирек кездесетін түрлері де болды. Қартайған соң, қарауға шамам келмеді. Содан үй гүлдерін таныстарыма таратып бердім. Ал есік алдындағы гүлдер әлі де бар. Көктем шығып, күн жылынысымен жайқалып өседі. Қолдан жасаған бұйымдарымды қаладағы мәдениет сарайына табыстадым», – дейді ақсақал.

Белсенді қария үйінің жанындағы шағын ғана бөлмені музейге айналдырып қойған. Онда қол диірмен, күміс құман секілді 1 мыңға жуық экспонат бар. Одан бөлек, өзі жазған «Аманат», «Салауаткер», «Қассақ» атты үш кітабы мен жинаққа енген әңгімелері мен өлеңдерін орналастырған. Төрде домбыра ілулі тұр. Фотосуреттер мен өзге де заттар сөрелерден орын алған. Ал ертеректе қолданылған патифон әлі күнге дейін істеп тұр.
