№79 гимназияның мұғалімі Алма Игілікова «Алматы жыл мұғалімі - 2010» конкурсының жеңімпазы атанды
/strong>Наурыздың 17-і. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Бүгін Алматыда қала әкімі Ахметжан Есімовтың қатысуымен «Алматы жыл мұғалімі - 2010» конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шара барысында №79 гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Алма Игілікова аталмыш конкурстың жеңімпазы атанып, бір бөлмелі пәтерге ие болды. Басқа жүлдегерлерге ақшалай сыйлық, марапаттау қағаздары және демеушілер атынан музыкалық орталық, ноутбук, сонымен қатар шетелде тәжірибеден өту жолдамасы берілді.
Бұл шараны 2005 жылдан бері Алматы қаласы әкімінің тікелей қолдауымен Білім басқармасы өткізіп келеді. Биылғы конкурстың қалалық кезеңіне қатысу үшін 87 мұғалім өтініш берген. Жалпы төрт турдан тұратын конкурстың үш туры бойынша финалға 10 мұғалім шыққан. Соңғы кезеңде олар ашық сабақтар өткізген. Шараға қатысушыларды Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов басқарған білікті әділқазылар бағалаған.