8 баланы «Алтын алқаның» ақшасына асырап келдік - астаналық көпбалалы ана

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Алтын алқа» иегері Әсел Әбішева бұған дейін 8 баласына жәрдемақы ретінде 16 360 теңге ғана алып келген. Елордалық көпбалалы ана ҚазАқпарат тілшісіне атаулы әлеуметтік көмек тағайындау шарттары жеңілдегеннен бері өмірінде қандай өзгерістер болғанын айтып берді.

8 баланы «Алтын алқаның» ақшасына асырап келдік - астаналық көпбалалы ана

Әсел Әбішеваның 8 баласы да әлі кәмелеттік жасқа толмаған. Соған қарамастан, осы күнге дейін мемлекеттен жәрдемақы ретінде тек «Алтын алқа» иесіне берілетін 16 360 теңге алып келген. Атаулы әлеуметтік көмек беру шарттарына енген өзгеріс астаналық ананың өміріне жаңа үміт сыйлапты.

«Сегіз баланың жетеуі қыз, бесінші баламыз ғана ұл. Үлкенінің жасы 14-те. Ал кенжеміз бір жасқа жаңа толды. Осыларды аман-есен өсіру үшін үйде отырып та жұмыс істейміз. Құжаттарымды толық өткіздім. Әр балаға 21 мың теңгеден төленетінін естіп қуанып отырмыз. Елдің демографиясына айтарлықтай үлес қосып жатқанымызды шын мәнінде сезіне бастағандаймыз. Балалардың ертеңіне деген үміт оянды. Әр баланың ризығы өзінде болғанына не жетсін» - дейді Әсел Әбішева.

Еске сала кетейік, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстан бойынша 84 287 отбасы жаңартылған форматтағы атаулы әлеуметтік көмек ала бастағанын хабарлаған болатын.