8 баланы жетім қалдырған қарақшылардың жазалануын «Нұр Отан» фракциясы айрықша назарда ұстайды -Тілеухан
АСТАНА. ҚазАқпарат - 8 баланы жетім қалдырған қарақшылардың әділ жаза алуын Мәжілістегі «Нұр Отан» фракциясы айрықша назарда ұстайды.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысынан кейін еліміздің Ішкі істер министріне депутаттық сауал жолдаған мәжілісмен Бекболат Тілеухан осылай айтты.
«Өткен аптада Алматы облысының Жамбыл ауданында болған жантүршігерлік оқиға, қанқұйлы қылмыс бүкіл елдің қабырғасын қайыстырып отыр. Адал еңбегімен бала-шағасын асырап жүрген есіл азаматтар Долданұлы Жарқынбек, Зарлыханұлы Мұқият, Әлімхан Қадылбектің айдың-күннің аманында қарақшылардың қолынан айуандықпен қаза табуы жанымызды жабырқатып отыр. Кеше ғана жер қойнына тапсырылған осы қыршындардың, марқұмдардың отбасыларының қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз. 8 баланы жетім қалдырып көз жасына қалған қарақшылардың әділ жаза алуын Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» айрықша назарында ұстайтындығына сендіргіміз келеді, жұбатқымыз келеді», - деді Б. Тілеухан.
Сонымен қатар ол бұл бір отбасының ғана емес бүкіл қоғамның жүрегіне түсіп отырған ауыр салмақ екендігін баса айтты.
«Қоғамның дертін тазартуға екпін беруге біз міндеттіміз. Ата кәсібі мал шаруашылығы болған елде мал ұрлығына үстірт қарау, полиция тарабынан қажетті назардың кемшін болуы да жасырын емес. Жалпы, соңғы кезде қарап отырсақ, бейбіт елдің берекесін алған экстремизм мен терроризм, нәрестесін күресінге лақтырған ана, ана деуге келсе егер, адамдықтан безген педофилия сынды қылмыстар қоғамда өршіп бара жатыр. Жалпы, мұның емі өте ауқымды шараларға мұқтаж екендігі түсінікті ғой. Бірақ, әзірше, осы орайда Ішкі істер министрлігіне төмендегідей сауалдар жолдаймын. Министрлік осы іспеттес қылмыстарды алдын алу және болдырмау мақсатында қандай жұмыстар атқармақ? Әсіресе, қазіргі кезде жергілікті полиция қызметі құрылғаннан кейін. Екіншіден, осындай қоғамның алаңдатушылығын тудырған қылмыстарды ерекше категориядағы қылмыстар деп бағалап, оларға берілетін жазаны барынша күшейту үшін қандай шара қолданылмақ?», - деді депутат.