8 қаңтар. Туған күн иелері

ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 8 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

8 қаңтар. Туған күн иелері

ЕСІМДЕР

82 жыл бұрын (1940) белгілі журналист-аудармашы Жарылқасын НҰСҚАБАЙҰЛЫ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. Еңбек жолын қазақ теледидарында бастап, бас редакторы қызметіне дейін көтерілген. Қазақ телеграф агенттігінің (бүгінгі «ҚазАқпарат» ХАА) аудармашы-редакторы, «Жалын» баспасының бөлім меңгерушісі, «Мектеп» баспасының бас редакторы, директоры қызметтерін атқарған. Балаларға арналған кітапшалардың, «Қазақ журналистикасының тарихы», «Көне басылымдар, аяулы есімдер», «Алты алаштың ардақтылары» атты ғылыми-педагогикалық еңбектердің авторы. Х. Андерсеннің «Ертегілер жинағын», «Словак халық ертегілері», «Сібір халықтарының ертегілерін», Ш. Әлімбаевтың «Даналық субстанциясы» романын, Е. Кобалевтің «Хо Ши Мин» ғұмырнамасын, «Шаңқай түсте көлеңкелер қалмайды» деп аталатын 7 сериялы көркем фильмді, «Аласұртқан ақша» көркем фильмін, түрікмен жазушылары Х.Халлыевтің «Жол», Ш. Чарыевтың «Саз сырнайшы», беларус, қырғыз, тәжік, орыс, армян жазушыларының әңгіме, повестерін аударған. Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының құрметті азаматы.

65 жыл бұрын (1957) Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы Ақылтай Ахметжанұлы ҚАСЫМОВ дүниеге келген.

Түмен облысында (РСФСР) туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін құқықтану мамандығымен бітірген (1980). Еңбек жолы: «Алма-Атаотделстрой» тресінің сылақшысы (1974-1975); Солтүстік Қазақстан облысы Соколов аудандық прокуратурасының тағылымгер тергеушісі (10.1980-11.1980); Солтүстік Қазақстан облысы Мәмлүт аудандық прокуратурасында тағылымгер (1980-1981); Петропавл қаласы Куйбышев аудандық прокуратурасында тағылымгер, тергеуші, аға тергеуші (1981-1983); Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы (1983-1987); Петропавл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының орынбасары (1987-1990); Жезқазған облыстық сотының төрағасы (1990-1993); Ақмола облыстық сотының төрағасы (1993-1999); Қарағанды облыстық сотының төрағасы (1999-2004); Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы (2004-2010); Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы (2010-2015). Қазіргі лауазымын 2015 жылдың наурызынан бері атқарып келеді. «Құрмет» орденімен (2002); «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005) медальдарымен марапатталған.

53 жыл бұрын (1969) Алматы облысының әкімі Қанат Алдабергенұлы БОЗЫМБАЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. 1994-1997 жылдары – Алматы қаласы әкімінің көмекшісі. 1997-1998 жылдары - жекеменшік компанияның экономика мәселелері жөніндегі директоры, Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлігі аумақтық саясат бөлімінің бастығы, Қаржы департаментінің бастығы, «ҚазТрансОйл» ЖАҚ экономика жөніндегі вице-президенті. 1998-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігі Мұнай және газ департаментінің директоры. 1999-2000 жылдары - «ҚазТрансОйл» ЖАҚ, «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ЖАҚ Директорлар кеңесінің мүшесі. 2000-2001 жылдары - ҚР Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі. 2001-2008 жылдары «КЕGОК» ААҚ бірінші вице-президенті, президенті, «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқарудың қазақстандық холдингі» акционерлік қоғамының төрағасы қызметтерін атқарған. 2008 жылдан - «KEGOC» акционерлік қоғамының президенті. 2009-2013 жылдары Жамбыл облысының әкімі. 2013-2016 жылдары Павлодар облысының әкімі . 2016-2019 жылдары ҚР Энергетика министрі болды. ҚР Президентінің көмекшісі 2019-2021 жылдары.

42 жыл бұрын (1980) ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Руслан Нұрашұлы БАЙМИШЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. «Фемида» заң академиясын «заңгер» мамандығы бойынша, Қазақ ұлттық техникалық университетін «геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау бакалавры» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2008-2013 жылдары Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің «Қазгеоинформ» республикалық геологиялық ақпарат орталығында түрлі қызметтерді атқарды. 2013-2016 жылдары аталған Орталыққа жетекшілік етті. 2016-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры лауазымын атқарды.