8 қаңтар. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 8 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

56 жыл бұрын (1969) Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Алдабергенұлы БОЗЫМБАЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. 1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген.
1994-1997 жылдары Алматы қаласы әкімінің көмекшісі, 1997-1998 жылдары жекеменшік компанияның экономика мәселелері жөніндегі директоры, ҚР Экономика және сауда министрлігі аумақтық саясат бөлімінің бастығы, Қаржы департаментінің бастығы, «ҚазТрансОйл» ЖАҚ экономика жөніндегі вице-президенті, 1998-1999 жылдары ҚР Энергетика, индустрия және сауда министрлігі Мұнай және газ департаментінің директоры, 1999-2000 жылдары «ҚазТрансОйл» ЖАҚ, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ЖАҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, 2000-2001 жылдары ҚР Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, 2001-2008 жылдары «КЕGОК» ААҚ бірінші вице-президенті, президенті, «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқарудың қазақстандық холдингі» акционерлік қоғамының төрағасы қызметтерін атқарған. 2008 жылдан – «KEGOC» акционерлік қоғамының президенті, 2009-2013 жылдары Жамбыл облысының әкімі, 2013-2016 жылдары Павлодар облысының әкімі, 2016-2019 жылдары ҚР Энергетика министрі болды. 2019-2021 жылдары ҚР Президентінің көмекшісі, 2021-2022 жылдары Алматы облысының әкімі қызметін атқарды. 2023-2024 жылдары ҚР Президентінің кеңесшісі лауазымын атқарды.
Қазіргі қызметін 2024 жылдың наурызынан бері атқарып келеді.
«Құрмет» (2005), «Парасат», «Барыс» ордендерімен, «Астанаға 10 жыл» (2008), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Астанаға 20 жыл» (2018) медальдарымен марапатталған.
45 жыл бұрын (1980) Қазақстан Тау-кен палатасының президенті Руслан Нұрашұлы БАЙМЫШЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында дүниеге келген. «Фемида» заң академиясын «заңгер» мамандығы бойынша, Қазақ ұлттық техникалық университетін «геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау бакалавры» мамандығы бойынша тәмамдаған.
2008-2013 жылдары Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің «Қазгеоинформ» республикалық геологиялық ақпарат орталығында түрлі қызметтерді атқарды. 2013-2016 жылдары аталған Орталыққа жетекшілік етті.
2016-2019 жылдары – ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Жер қойнауын пайдалану департаменті директорының м.а., директоры болды.
2019-2022 жылдары ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі қызметінде болды.
Қазіргі лауазымын 2023 жылдың қараша айынан бері атқарып келеді.
43 жыл бұрын (1982) «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Әбілқасымұлы ЕСМАХАНОВ дүниеге келді.

Қызылорда облысы, Қызылорда қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары. 2005 жылы Қызылорда гуманитарлық университетінің қаржы және несие, 2009 жылы Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университетінің заңтану мамандықтары бойынша бітірген.
2013 жылы ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі және АҚШ-тың Каролина штатының ДЮК университетінің «Саясаттану» мамандығы бойынша әлеуметтік білім магистрі академиялық дәрежесі берілген. Еңбек жолын 2006 қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің маманы болып бастаған. 2007-2008 жылдары облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің жетекші, бас мамандары, 2008-2012 жылдары қала әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас маманы, бас инспекторы, Тасбөгет кенті әкімінің орынбасары, бөлім басшысы, 2012-2014 жылдары Қарауыл төбе ауылдық округінің әкімі, 2014-2015 жылдары облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы, бөлім басшысы, 2015-2018 жылдары Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, 2018-2019 жылдары Қызылорда қаласы әкімдігінің аппарат басшысы, 2019-2020 жылдары қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы лауазымдарында қызмет атқарған. 2020 жылы Шиелі ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2022-2023 жылдары облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары, 2023-2024 жылдары – басшысы қызметін атқарған.
Қазіргі лауазымын 2024 жылдың шілде айынан бері атқарып келеді.
42 жыл бұрын (1983) «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Серікұлы ИМАНАШЕВ дүниеге келді.

Қарағанды обылысында дүниеге келген.Жол қозғалысы инженері мамандығы бойынша Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін және құқықтану мамандығын «Болашақ» Қарағанды актуальді білім институтында тәмәмдаған. Техника ғылымдарының магистрі.
Еңбек жолын 2004 жылы Қарағанды қаласында жол шеберінен бастаған. «Қазавтожол» РМК, сондай-ақ ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде әртүрлі қызметтерді атқарған. 2012 жылы Қарағанды облысы әкімінің кеңесшісі, 2012-2013 жылдары Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары болып қызмет еткен және жеке бизнесте жұмыс істеген.
Қазіргі лауазымын 2023 жылдың желтоқсан айынан бері атқарып жатыр.
38 жыл бұрын (1987) ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жаннат Балғабайқызы ДҮБІРОВА дүниеге келді.

Қостанай қаласында туған. 2008 жылы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін техника және технология мамандығы бойынша тәмамдаған, 2015 жылы Манчестер университетінде (Ұлыбритания) ақпараттық технологиялар және IT менеджмент магистрі атанған.
Еңбек жолы: 2006-2008 жылдары метадеректер әкімшісі, «Bimash» ЖШС жобалар жетекшісі, 2008-2010 жылдары «Цеснабанк» АҚ АТД бас менеджері, 2010-2012 жылдары ENRC Logistics көлік тобы IT директорының орынбасары, 2012-2013 жылдары IT Performance manager ENRC Group, 2013-2016 жылдары «PricewaterhouseCoopers» (PwC) ЖШС-де Advisory manager, 2016-2017 жылдары «Астана Innovations» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, 2017-2022 жылдары Астана (Нұр-Сұлтан) қаласы әкімдігінің ШЖҚ «Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» МКК басшысы болып қызмет етті. 2022-2023 жылдары ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметін 2023 жылдың желтоқсан айынан атқарып келеді.
26 жыл бұрын (1999) қазақстандық парадзюдошы, 2024 жылы Парижде өткен жазғы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ақмарал Маратқызы НАУАТБЕК дүниеге келді. Астана қаласында туған.

2017, 2018 және 2019 жылдары жастар арасындағы әлем чемпионаттарына қатысты, 2021 жылы көру қабілеті нашарлаған соң, ол паралимпиадалық дзюдоға ауысты. Бакуде өткен парадзюдодан 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде (J2 класс) финалда 2016 жылғы Паралимпиада чемпионы, француз әйелі Сандрин Мартинені (2022) жеңіп, әлем чемпионатында жеңіске жетті; 2022 жылы Ханчжоуда өткен Азия Пара ойындарында жеңіске жетті (2023); 2024 жылы Парижде өткен Жазғы Паралимпиада ойындарында 48 келіге дейінгі салмақта (J2 класс) турнирдің финалында француз Сандрин Мартинені жеңіп, Паралимпиада ойындарының алтын медалін жеңіп алды (2024).