8 қараша. Kazinform күнтізбесі. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 8 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Қазақстандағы Статистика күні
Бұл мереке 1920 жылы Қазақстанда бірыңғай орталықтандырылған статистика органдарының құрылуына орай белгіленген. Сол жылы Қазақ АКСР Үкіметі «Қазақ АКСР-індегі мемлекеттік статистика туралы ережені» бекітті.
Дүниежүзілік урбанизм күні
1949 жылы бекітілген бұл мереке қала құрылысы саласының дамуына арналған. Оның мақсаты – адамдардың өмір сүруіне қолайлы, барлық қажетті жағдай жасалған жайлы қалалық орта қалыптастырудың маңызын насихаттау.
Мерекені халықаралық деңгейде атап өту идеясын Буэнос-Айрес университетінің профессоры Карлос Мария делла Паолера ұсынған. Ол бұл бастама арқылы қоғамның қалалық нысандарды кәсіби тұрғыда жобалауға деген қызығушылығын арттыруды көздеді. Қазір бұл мереке әлемнің 30-дан астам елінде аталып өтеді.
Дүниежүзілік Wi-Fi-сыз күн
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тұжырымы бойынша, Wi-Fi жұмыс істейтін радиожиілік диапазоны адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндірмейді. Дегенмен кейбір ұйымдар сымсыз технологиялардың әсеріне алаңдаушылық білдіреді. Солардың бірі – Венесуэлада тіркелген Қоршаған ортаны қорғаушылардың халықаралық федерациясы (FAI). 2016 жылы аталған ұйым 8 қарашаны Дүниежүзілік Wi-Fi-сыз күн деп жариялады. Басты мақсат – сымсыз технологияларды жаппай пайдаланудың денсаулыққа тигізетін әсеріне қоғам назарын аудару және жұртшылықты мүмкіндігінше Wi-Fi орнына кабельдік интернет қосылымын қолдануға шақыру.
Дүниежүзілік рентгенография күні
Дүниежүзілік рентгенография күні рентген сәулесінің ашылған күніне орай атап өтіледі. Бұл мереке Халықаралық радиология күнімен ортақ датада тойланғанымен, қамтитын тақырыбы бөлек. Халықаралық радиология күні медицинада иондаушы сәулелерді қолданудың барлық бағытына арналса, Дүниежүзілік рентгенография күні рентген сәулесі арқылы адамның ішкі ағзалары мен тіндерінің кескінін алуға бағытталған.
Халықаралық радиология күні
Бұл мереке 2012 жылы Еуропалық радиологтар қоғамы, Солтүстік Америка радиологтар қоғамы және Америкалық радиология колледжінің бірлескен бастамасымен бекітілді. 8 қараша күні аталып өтетін мереке 1895 жылы рентген сәулесінің ашылғанына орай белгіленген.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1920 жылы Қырғыз (Қазақ) АКСР Халық Комиссарлары Кеңесі «Қырғыз (Қазақ) АКСР-індегі мемлекеттік статистика туралы ережені» бекітті. Сол жылы Қазақ АКСР-інің Статистика басқармасы құрылды. Кейін, 1948 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Статистика басқармасы ашылды.
1997 жылы Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясында мемлекеттік рәміздер мен Президент байрағын Ақмолаға салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті.
2002 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Қазақ ақпарат агенттігі» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының (ҚазААГ, бұрынғы ҚазТАГ) негізінде жарғылық капиталына мемлекет 100 пайыз қатысатын жаңа ұлттық компания құрылды. «ҚазАқпарат» ҰК» АҚ-ның тұсаукесері 2003 жылғы 19 наурызда Астанада өтті.
«Kazinform» ХАА – Қазақстанның барлық өңірін қамтитын, елдегі ең ірі әрі кең таралған халықаралық тілшілер желісі.
2004 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер елшілері клубының алғашқы отырысы өтті. Жиында ШЫҰ Хатшылығының, Ұлттық үйлестірушілер кеңесінің және Қазақстанда аккредиттелген елшіліктер жанындағы тұрақты өкілдердің ынтымақтастықты жолға қою мәселелері қаралды.
2004 жылы Семей қаласындағы мешітке 1907 жылы Қазан қаласында басылып шыққан Құран тапсырылды. Көне кітапты Семейдегі «Дау-Қаз» серіктестігінің қаржы директоры Олег Власенко ескі ғимаратты жөндеу кезінде тауып алған. Басылымда Құранның араб тіліндегі түпнұсқасымен қатар, орыс шығыстанушысы Гордей Саблуков жасаған орысша аудармасы да берілген.
2010 жылы Қарағанды қаласындағы Жұлдыздар аллеясында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Қайрат Байбосыновтың құрметіне тағы бір есім жазылған белгі орнатылды.
Қайрат Байбосынов – кеңестік және қазақ әншісі, музыка педагогі. 1950 жылы Жезқазған облысында дүниеге келген. 1969 жылы Қазақ эстрада студиясын бітірген. Ол – әйгілі әнші, Қазақ КСР-інің халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жүсіпбек Елебековтің шәкірті. Өнер жолын «Гүлдер» жастар ансамблінде бастаған. Әнші қоңыр баритон дауысымен ерекшеленді. Оның орындаушылық шеберлігін көптеген белгілі өнер иелері жоғары бағалаған. Қайрат Байбосыновтың репертуары бай әрі сан алуан. Онда «Ардақ», «Қарғаш», «Сұржекей», «Алқоңыр» сияқты халық әндерімен қатар, Біржан сал, Ақан сері, Мұстафа, Естай, Ыбырай, Жаяу Мұса әндері және қазіргі композиторлардың шығармалары бар. Сондай-ақ ол сахнада бұрын орындалмаған 60-тан астам қазақ халық әнін алғаш рет орындады.
2011 жылы Қазақстанда ТМД елдері арасында алғаш рет Қазақ телевизиялық энциклопедиясы жарық көрді. Энциклопедияда отандық телеарналар туралы ғана емес, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерде әр жылдары эфирге шыққан танымал телебағдарламалар жөнінде де толық мәлімет берілген.
2013 жылы «Астана Опера» опера және балет театрының солисі Салтанат Ахметова Германияда өткен Neue Stimmen халықаралық вокалшылар байқауының финалына шығып, «Klassik Herbst in Gütersloh» («Гютерслодағы классикалық күз») арнайы сыйлығын иеленді. Байқауға 1,5 мыңға жуық үміткер өтінім берген. Олардың арасынан іріктеуден тек 40 өнерпаз өтіп, финалға тоғыз әнші ғана жолдама алды. Солардың қатарында Салтанат Ахметова да болды.
2018 жылы «АЛЖИР» музей-мемориалдық кешенінде 1938–1953 жылдары лагерьде жазасын өтеген эстон әйелдеріне арналған ескерткіш тақта ашылды.Салтанатты шараға Эстония Республикасының Премьер-министрі Юри Ратас қатысты. Сапар соңында Юри Ратас музейдің пікір кітабына жылы лебізін жазып, ХХ ғасырдың 30–50-жылдарындағы саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандары туралы естелікті сақтап келе жатқаны үшін алғыс білдірді.
Музей ұжымы қонаққа қуғын-сүргінге ұшырағандардың балалары туралы естеліктер жинағын сыйға тартты. «Ұрпақтар ұмытпайды. Помнят потомки» атты кітап музейдің 10 жылдығы мен жаппай саяси қуғын-сүргіннің басталғанына 80 жыл толуына орай жарық көрген.
2019 жылы елордада Қазақстандағы поляк авторларының әртүрлі тілдерде жарық көрген шығармалары жинақталған бірегей кітапхана ашылды.
«Кітап» сөзінің пішінінде символикалық түрде орналастырылған сөрелерден Адам Мицкевичтен бастап, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары Генрик Сенкевич, Владислав Реймонт, Вислава Шимборская мен Чеслав Милоштың шығармаларын кездестіруге болады. Соңғы екі автордың туындылары қазақ тілінде ұсынылған. Мұнда тарихи және балалар әдебиеті де жинақталған. Сондай-ақ жеке сөре Қазақстанның «поляк әншілері» атанған Адольф Янушкевич пен Александр Затаевичтің еңбектеріне, сондай-ақ поляк текті қазақстандық авторлардың шығармаларына арналған.
2021 жылы 44 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен 14 жастағы қазақстандық Жібек Құлыбетова БАӘ-нің Абу-Даби қаласында өткен джиу-джитсудан әлем чемпионатында үшінші рет топ жарып, үш дүркін әлем чемпионы атанды.
2021 жылы режиссер Дәрежан Өмірбаев 34-ші Токио халықаралық кинофестивалінде «Ақын» фильмі үшін «Үздік режиссер» аталымы бойынша марапатқа ие болды.
Токио халықаралық кинофестивалі – Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастықтары федерациясы (FIAPF) мойындаған әлемдегі 15 жетекші кинофестивальдің бірі. «А» санатындағы бұл кинофорум 1980-жылдардан бері өткізіліп келеді және әлемдік кино өнеріндегі беделді байқаулардың қатарына жатады.
2021 жылы қазақстандық ғалымдар жатыр мойны обырын кешенді диагностикалауға арналған ерітінді жасап, оған патент алды. Кейін бұл өнім Қазақстан Республикасының дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тізіліміне енгізілді.
2024 жылы елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ересектер арасында спорттық және жауынгерлік самбодан әлем чемпионатының ашылу рәсімі өтті. Қазақстан бұл ауқымды жарысты екінші рет қабылдап, дүбірлі додаға әлемнің 80 елінен 470 спортшы қатысты. Әлем чемпионатында ел намысын 28 қазақстандық балуан қорғады. Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
— Араға 19 жыл салып, әлем чемпионатының елордамызда өтуі – Қазақстан үшін айрықша оқиға әрі үлкен мәртебе. Қазақ самбо мектебінің қалыптасқан дәстүрі бұл жарыстың елімізде өтуін заңды жалғастыққа айналдырады. Аталған дода жастардың самбоға деген қызығушылығын арттырып, спорттың одан әрі дамуына серпін беретініне сенімдімін, – деді вице-министр.
2024 жылы Қазақстан мен Бенилюкс елдері қызметтік паспорт иелеріне арналған визалық режимді жеңілдету туралы келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттамаға қол қойды. Құжат бюрократиялық кедергілерді жоюға және ведомстволар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Келісімге сәйкес, Қазақстан, Бельгия, Нидерланд және Люксембург мемлекеттік қызметшілері визасыз кіріп, аталған елдердің аумағында 90 күнге дейін бола алады.
2025 жылы Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Гауһар Марат Қазақ хандығы дәуірін заманауи форматта танытуға арналған «Алтын тақ» атты танымдық үстел ойынын әзірледі.
Ойын екі тақтадан тұрады. Әр тақтада 24 карточка бар. Карточканың бір бетінде ханның суреті, екінші бетінде ол туралы мәлімет берілген. Ойыншылар кезекпен қарсыластарына жасырын ханның кім екенін тапқызады. Ол үшін екі ишара айтып, қарсылас командаға екі рет болжап көруге мүмкіндік береді. Ойын барлық ханның есімі дұрыс табылғанша жалғасады.
2025 жылы Елена Рыбакина WTA қорытынды турнирінде алғаш рет жеңімпаз атанды. Финалда ол әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы 6:3, 7:6 (7:0) есебімен жеңді. Бұл жеңіс Қазақстан теннисі тарихындағы айтулы жетістік болды. Елена Рыбакина WTA қорытынды турнирінде топ жарған Азияның алғашқы теннисшісі атанды. Турнирдегі жеңісі үшін ол рейтингтік 1500 ұпай жинап, әйелдер теннисі тарихындағы рекордтық 5,235 миллион доллар сыйақыға ие болды.
2025 жылы Астанада Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының жаңа штаб-пәтері салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсімінде Қазақстанның Қаржы министрі Мәди Такиев пен Қордың басқарушы директоры Андрей Широков лента қиды. Жаңа ғимарат Қордың негізгі жұмысына және талдау орталығына айналды. Бұл оның Еуразия өңіріндегі қаржылық тұрақтылықты нығайту мен экономиканы дамытуға бағытталған маңызды алаң ретіндегі рөлін күшейтеді.