8 қазан. Туған күн иелері

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 8 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

8 қазан. Туған күн иелері

null

ЕСІМДЕР

78 жыл бұрын (1940) актриса, Қазақстанның халық әртісі, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Жібек Есекейқызы БАҒЫСОВА  дүниеге келді. 
Ақмола облысында туған. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры жанындағы әншілік-хор студиясын бітірген. 1960-1995 жылдары Қызылорда облыстық драма театрында, 1995 жылдан Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық музыкалық драма театрында өнер көрсетеді. Ол ойнаған Қарагөз, Қарлыға, Жүзтайлақ (М.Әуезовтің «Қарагөзінде», «Қара қыпшақ Қобландыда», «Түнгі сарында»), Ақтоты (Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтотысында»), Ева Броер (Қ.Мұхамеджановтың «жат елдесінде»), Ажар (С.Жүнісовтің «Ажар мен ажалында»), Қамажай (Д.Исабековтің «Әпкесінде»), Әлиман мен Толғанай («Ш.Айтматовтың повесі бойынша қойылған «Ана - Жер анасында»), Шапақ (М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде»), Тата Нерадова (А.П.Штейннің «Толасында»), Регана (У.Шекспирдің «Король Лирінде»), т.б. рөлдер актриса талантын танытты. Ол жасаған сахналық бейнелердің ұлттық бояуы айқын. Сонымен қатар сахнада кейіпкердің ішкі толғаныстарын, психологиялық көңіл-күйлерін терең ашуымен ерекшеленеді. 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен, «Парасат» орденімен марапатталған.

56 жыл бұрын (1962) қазақстандық саяси қайраткер - Ерлан Сапарұлы БАЙЖАНОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін (1985), осы оқу ордасының аспирантурасын (1988) тәмамдаған. Филология ғылымының кандидаты. Журналист.

1989-1990 жылдары - С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аға оқытушысы. 1990-1991 жылдары - «Советы Казахстана» газеті редакциясының парламенттік шолушысы, бөлім меңгерушісі. 1991-1996 жылдары - кәсіпкерлік саласында жұмыс істеді. 1996 жылдың сәуірінен - СІМ баспасөз қызметінің бірінші хатшысы, СІМ ақпарат және баспасөз бөлімінің меңгерушісі. 1997 жылдың қаңтарынан - ҚР Президенті Баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі, ҚР Президенті Баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары. 2004 жылдың наурызынан - Қазақстан Республикасының Ресейдегі Елшілігінде кеңесші-уәкіл, Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі Шарт ұйымында өкілетті өкіл. 2005 жылдың тамызынан - ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт бірінші вице-министрі. 2006 жылдың ақпанынан - ҚР Президентінің Әкімшілігі Ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі. 2007 жылдың ақпанында Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы болып тағайындалды. 2008-2010 жылдары - «Арна медиа» ұлттық ақпараттық холдингінің басқарма төрағасы. 2009-211 жылдары - «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарушы директоры. 2011-2014 жылдары «Нұр Медиа» холдингінің бас директоры болды.

«ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медальдарымен, ҚР Президентінің Алғысхатымен марапатталған.