8 мамыр. Туған күн иелері

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, 8 мамырда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандар назарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
None

ЕСІМДЕР

86 жыл бұрын (1937) қазақтың атақты актері, режиссер Асанәлі ӘШІМОВ дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны бітірген, драма театрының актері. Т. Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының профессоры. Бірнеше кітаптың авторы.

1961 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының және 1964 жылдан М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері болды. «Ботагөз», «Асау Ертіс жағасында», «Бір ауданда», «Ұшы-қиырсыз жол» «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Жаушы» және басқа да көптеген фильмдерге түскен. Театрда «Абай» спектаклінде Абай, «Еңлік-Кебекте» Кебек, «Қарақыпшақ Қобыландыда» Шуақ, «Қан мен терде» Еламан рөлдерін сомдады. Н.Гогольдің «Ревизорын», Ғ.Мүсіреповтің «Амангелді», Н.Оранбаевтың «Мен ішпеген у бар ма?» Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» спектакльдерін сахналады. «Шоқан Уәлиханов», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмдерін түсірді.

«Отан» орденімен, М.В.Ломоносов атындағы, «Алтын қыран» ордендерімен марапатталған. КСРО және ҚР Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

62 жыл бұрын (1961) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қаржы және бюджет Комитетінің мүшесі Нұрлан Жексембайұлы БЕКЕНОВ дүниеге келді.

Целиноград ауыл шаруашылығы институтын, Көкшетау экономика және менеджмент институтын бітірген.

Еңбек жолын 1979 жылы бастаған және 1994 жылға дейін Көкшетау облысының Ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс істеген. 1994 - 1996 жылдары - Көкшетау облысы Қаржылық бақылау басқармасының бас бақылаушы-ревизоры. 1996 - 1997 жылдары - Көкшетау облысы Салық басқармасының бас салық инспекторы. 1997 - 1998 жылдары - Көкшетау қаласы әкімі аппаратың нарықтық қатынастар, кәсіпкерлік бөлімі меңгерушісі. 1998 - 2000 жылдары - Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігінің Ақмола облысы бойынша департамент директорының орынбасары. 2000 - 2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша басқармасы бастығының орынбасары. 2007 - 2009 жылдары - Ақмола облысы бойынша Халық банкінің зейнетақы қорының директоры. 2010 - 2011 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласындағы бақылау және аккредиттеу басқармасының бастығы. 2011 - 2017 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Ақмола облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы. 2017 - 2018 жылдары - Ақмола облысы Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы. 2018-2020 жылдары - Ақмола облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы. 2020 жылдан бастап осы кезге дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.

53 жыл бұрын (1970) Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Амангелдіқызы ҚҰРМАНОВА дүниеге келді.

Павлодар облысының Железин ауданы Абай ауылында туған. 1992 жылы Павлодар педагогикалық институтын орыс тілі мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1992 жылы Павлодар облысы Май ауданы Ақшиман орта мектебінде бастады. 1996-1998 жылдар аралығында осы мектепте директордың орынбасары, директор болып жұмыс істеді. 1998 жылдан 2002 жылға дейін Екібастұз қаласының №10 жалпы білім беру орта мектебінде мұғалім, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етті. 2002 жылғы қыркүйектен Екібастұз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы болды. 2007 жылғы қарашада Екібастұз қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары болып тағайындалды. Павлодар облысы ішкі саясат басқармасының басшысы (2009-2011) ; Павлодар облысы Лебяжі ауданының әкімі (2011-2014); «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары (2014-2016) болды. VІ шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі (2016-2020).

Атқаратын лауазымында – 2020 жылғы шілдеден бастап.

52 жыл бұрын (1971) ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Васильевич CКЛЯР дүниеге келді.

Павлодар қаласында туған. Экономист және заңтану мамандықтары бойынша Мәскеу заманауи бизнес институты мен Қазақ құқықтану және халықаралық байланыс институтын бітірген.

1989-1990 жылдар аралығында «Екібастұзкөміравтоматика» монтаждау-жөндеу басқармасының монтажшы-слесары, «Казпромтехмонтаж» өндірістік-монтаждау басқармасының Екібастұз құрылыс басқармасының монтажшысы болып жұмыс істеген. 1990-2002 жылдары коммерциялық құрылымдарда еңбек еткен. 2002-2003 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің өтеуге шамасы келмейтін қарыздарымен жұмыс жөніндегі комитеттің Павлодар облысы бойынша басқармасының бөлім бастығы қызметін атқарған. 2003-2005 жылдары Павлодар қаласы бойынша мемлекеттік сатып алу басқармасының бастығы, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары. 2005-2006 жылдары Павлодар қаласы әкімі аппаратының басшысы, әкім орынбасары. 2006-2007 жылдары Астана қаласының әкімі аппаратының инфрақұрылымды дамыту бөлімінің меңгерушісі. 2007-2008 жылдары Астана қаласының Энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры. 2008-2010 жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары. 2010 жылғы қазаннан бастап 2011 жылғы мамырға дейін Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары болып еңбек еткен. 2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация вице-министрі. 2014-2016 жылдары «Қазақстан темір жолы» АҚ вице-президенті. 2016 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің VІ шақырылымында «Нұр Отан» партиясынан депутат болып сайланды. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы болды. Сол жылғы мамырда ҚР экономика вице-министрі қызметіне тағайындалды. 2017-2019 жылдары ҚР инвестициялар және даму бірінші вице-министрі. 2019 жылдың ақпан-қыркүйек айларында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметін атқарды. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары (2019-2022).

Қазіргі лауазымында - 2022 жылғы қантар айынан бастап.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

46 жыл бұрын (1977) Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері Айжан Амангелдіқызы СҚАҚОВА дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін; академик А. П. Капицаның ғылыми мектебін бітірген (2000).

Еңбек жолы: инженер, экологиялық жобалау саласындағы ұйымның басшысы (2000-2012); «Қазақстан Республикасының Ұлттық Инженерлік академиясы» ғылыми қызметкері (2011-2012); ҚР Қазақ табиғатты қорғау қоғамы төрағасының орынбасары (2010-2020); «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ экология проблемалары ғылыми-зерттеу институтының» директоры (2013-2021); Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымының депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі (2021-2023).

«Қазақстан Республикасының экология саласына 30 жыл», университеттің дамуына қосқан үлесі үшін «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 80 жыл» медальдарымен марапатталған; Қазақстандағы қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі үшін «Алтын жүрек» ұлттық сыйлығына ие болған.


Соңғы жаңалықтар