8 мыңнан астам адамды алдаған Amanat Drive қаржы пирамидасының басшылары сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — 8 мыңнан астам адамды алдап, 21 млрд теңге жинаған қаржы пирамидасының басшылары сотталды.

қаржы пирамидасы
Фото: ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі

Қонаев қаласының соты Amanat Drive қаржы пирамидасының басшыларына қатысты үкім шығарды Шүкен К.К. кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды, ал Үрәтбек М.С. 1 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ҚМА-ның Алматы облысы бойынша департаменті пирамиданың 8 мыңнан астам салымшыны тартқанын, ал салынған қаражаттың жалпы көлемі 21 млрд теңгеден асқанын анықтады.

Еске салайық, ұйымдастырушылар азаматтарға жылжымайтын мүлік пен автокөліктерді тиімді шарттармен — пайыз төлемей және кейін бөліп төлеу мүмкіндігімен сатып алуды ұсынған.

— Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру мақсатында бақылауындағы заңды тұлғаларды — «Алло, не керек» ЖШС, «I M@RKETING» ЖШС, «Gold SapaPremium» ЖШС пайдалана отырып, көпдеңгейлі схема іске асырылған. Аталған компаниялар жарнама қызметі, жылжымайтын мүлік және көлік нарығындағы талдау мен болжау сияқты қызметтердің жалған жеткізушілері ретінде әрекет еткен. Жалған шарттар негізінде 1,8 млрд теңгеден астам қаражат шығарылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған, — делінген хабарламада.

Тартылған қаражат есебінен сотталғандар 2 пәтер және Lexus маркалы 3 автокөлік сатып алып, ықтимал тәркілеуден жасыру мақсатында оларды сенімді адамдардың атына рәсімдеген.

Сот аталған мүлікті мемлекет кірісіне тәркіледі.

Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Еске салайық, бұған дейін қаржы пирамидасын құрған Орал қаласының екі тұрғыны 5 жылға сотталғанын хабарлаған едік.