8 мыңнан астам фильмнің арасынан үздік шыққан қазақстандық автор AI киноның болашағын бағамдады
АСТАНА. KAZINFORM — Astana AI Film Festival-де «Үздік кейіпкер» номинациясын жеңіп алған қазақстандық автор Мырзахан Жұмахан Jibek Joly радиосында жасанды интеллект көмегімен кино жасау тәжірибесі мен AI технологиясының кино өнеріне ықпалы туралы айтты.
Мырзахан Жұмахан фестивальге үш қысқаметражды фильм ұсынған. Соның ішінде көрерменге «I Was Just a Joke» туындысы халықаралық әділ қазылар алқасының назарына іліккен. Байқауға 125 елден 8 мыңнан астам жұмыс түскенін ескерсек, автордың бұл жеңісі Қазақстандағы AI киносының әлеуетін көрсететін нәтижелердің бірі деуге болады.
Жеңімпаздың айтуынша, фильмді жасауға шамамен бір жарым апта уақыт кеткен. Оның алдында әлдеқайда күрделі туындыға бір айға жуық уақыт жұмсап, мың доллардан астам қаражат шығарған. Алайда оның орнына қарапайым идеяға құрылған «I Was Just a Joke» жүлдеге жол ашқан.
— Бастапқыда мен де күрделі дүние жасауға тырыстым. Жасанды интеллектіні қолданатындардың көбі ғарыш, фантастика, үлкен декорациялар секілді ауқымды дүниелерге ұмтылады. Мен де сондай бағытта ойладым, кейін тәжірибе жинақтаған сайын қарапайымдыққа қайта оралдым. Қазылар алқасы ондаған, жүздеген фильм көрген кезде күрделі дүниелердің арасынан қарапайым фильмнің өзіндік ерекшелігі байқалуы мүмкін деп ойладым. Сондықтан бұл жолы көрерменнің көңілін көтеретін, ауыр ойға жетелемейтін туынды жасағым келді, — деді Мырзахан Жұмахан.
Фильмнің басты кейіпкері де осы ұстанымға сай таңдалған. Автор адам мен үй жануары арасындағы байланысты әзіл арқылы көрсету үшін иттің бейнесін пайдаланған. Оның айтуынша, бала кезінен үйінде мысық, ит, тауық, қой секілді түрлі жануар болғаны да шығармашылық шешіміне әсер еткен.
Туындының тағы бір ерекшелігі — фильм жапон тілінде жасалған. Мырзахан Жұмахан жапон тілін өзі білмейтінін, диалогтар мен сценарийді жасанды интеллект көмегімен әзірлегенін айтты. Кейін мәтінді жапон тілін білетін адамға тексерткен.
Автордың сөзінше, белгілі бір тілді таңдау арқылы AI жасаған бейненің шынайылығына да ықпал етуге болады. Ол өзі пайдаланған модельдің жапон тіліндегі көріністерді табиғи жеткізетінін байқап, осы бағытты әдейі таңдаған.
Мырзахан Жұмахан айтуынша, технология қанша дамығанымен, шығарманың өзегіндегі идеяны қалыптастырып, оны дұрыс бағыттайтын адам қажет.
— Жасанды интеллект — құрал ғана. Адам балта ұстаса, балта өзі орманды шауып тастамайды. Барлығы адамның идеясынан басталады. Мен алдымен өз ойымды қалыптастырдым, содан кейін оны жасанды интеллектіге жеткіздім, фестивальдің талаптарын енгіздім, түрлі нұсқаларды талқыладым. Сөйтіп барып фильм дүниеге келді. Сондықтан жасанды интеллект бәрін өзі жасап береді деген түсінік дұрыс емес, негізгі шығармашылық шешім бәрібір автордың өзіне байланысты, — деді ол.
Мырзахан Жұмахан AI технологиясының кино саласына әкелген ең үлкен өзгерістерінің бірі ретінде қаржы мүмкіндігіне тәуелділіктің азаюын атады. Бұрын ауқымды көріністер мен күрделі өндіріс үшін үлкен команда мен қомақты бюджет қажет болса, қазір шығармашылық идеяны аз қаражатпен жүзеге асыруға мүмкіндік бар.
— Осыдан он жыл бұрын кино саласында ең үлкен мүмкіндіктер Голливудта болды, өйткені үлкен фильм жасау үшін үлкен бюджет керек еді. Қазір жасанды интеллект бұл айырмашылықты азайтып жатыр. Мысалы 500 немесе 1000 доллардың өзімен бес минуттық фильмді өте жоғары деңгейде жасауға болады. Сондықтан енді маңыздысы кімнің бюджеті көп екені емес, кімнің идеясы мықты екені деп ойлаймын. Бұл Қазақстан сияқты елдерге әлемдік деңгейде бәсекеге түсуге мүмкіндік береді, — деді қазақстандық автор.
Сонымен бірге ол жасанды интеллект адамның шығармашылықтағы орнын толық басып кетуі мүмкін деген пікірге де тоқталды. Оның сөзінше, кейбір кәсіптер технологияның дамуына байланысты түбегейлі өзгеруі мүмкін. Ал кино мен өнерде адамның табиғи эмоциясы мен шынайы болмысына деген сұраныс керісінше қайта күшеюі ықтимал.
— Қазір жасанды интеллект адамның эмоциясын, қимылын, ойындағы көріністі өте жақсы жеткізе алады. Болашақта оның мүмкіндігі одан әрі арта түсетіні анық. Бірақ технология адамды толық алмастырған сайын шынайы адамға деген қызығушылық қайта оралуы мүмкін. Адамның өзі экранда ойнауы, оның табиғи эмоциясы мен болмысы қайтадан құндылыққа айналады деп ойлаймын, яғни белгілі бір кезеңде технологияның шарықтауынан кейін адамдардың шынайылыққа қайта бет бұруы ықтимал, — деді ол.
Автор келесі жұмысында хоррор жанрына ден қойғысы келеді. Оның мақсаты — көрерменді жай ғана қорқыту емес, фильм аяқталғаннан кейін ойландыратын туынды жасау.
Ал фестивальден алған жүлдесін Мырзахан Жұмахан кәсіби білімін жетілдіруге, тәжірибелі режиссерлерден дәріс алуға немесе инвестициялауға бағыттауды қарастырып отыр.
Оның айтуынша, жасанды интеллектіні меңгерудің ең тиімді жолы — оны күнделікті шығармашылық немесе кәсіби міндеттерде пайдалану. Сонымен бірге технологияға жеке мәліметтерді енгізгенде ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне мұқият қараған жөн.
— Ең бастысы — өз идеяңа сену, оған жету үшін табандылық таныту және өз жұмысыңа сырт көзбен қарай білу. Тек «менің жұмысым бірінші орын алуы керек» деп ойлау жеткіліксіз. Басқалардың не жасап жатқанын көру, олардың пікірін тыңдау және өз жұмысыңды соған қарай жетілдіру маңызды. Меніңше, жақсы нәтиже осы үш нәрсенің тоғысуынан шығады, — деді Мырзахан Жұмахан.
Айта кетейік, бұған дейін, Astana AI Film Festival кинофестивалінің жеңімпаздарын жазған едік.