8 наурыз. Туған күн иелері

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 8 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

8 наурыз. Туған күн иелері

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1919-2006) актриса, Қазақстанның халық әртісі, «Тарлан» сыйлығының иегері Әмина Ерғожақызы ӨМІРЗАҚОВА  дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Санкт-Петербург сахна өнері техникумының Қазақ студиясын бітірген. 1938-1940 жылдары Шымкент облыстық драма театрының труппасында, ал 1942-1949 жылдары «Казақфильм» студиясында қызмет атқарды. 1949 жылдан Қазақ академиялық жастар мен балалар театрының актрисасы болды. Оның ойнаған рөлдері қатарында Баян (Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу»), Луиза (Ф.Шиллер «Зұлымдық пен махаббат»), Смерильдина (К.Гольдоний «Екі мырзаға бір қызметкер»), Шәуәли (М.Ақынжанов «Ыбырай Алтынсарин»), Қалампыр шешей (Ш.Уәлиханов «Тағдыр»), Глумова (А.Островский «Адам аласы ішінде»), т.б. бар. 1942 жылдан киноға түсіп, Ажар («Абай әні»), Мұғалима («Қанатты сыйлық»), Айша («Бір аудан»), Ана («Ана туралы аңыз», 1964 жылы Қазақстан және Орта Азия республикаларының кино өнері бойынша өткен жарыс-байқауының 1-ші сыйлығы; 1966 жылы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы), Тана («Тақиялы періште», Алматы қаласында өткен Қазақстан және Орта Азия республикаларының 8-ші кино өнері жарыс-байқауының сыйлығы), т.б. бейнелерді сомдаған.
«Отан», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

78 жыл бұрын (1941-2007) дипломат, Қазақстан Республикасының қоғам және мемлекет қайраткері Болатхан Құлжанұлы ТАЙЖАН дүниеге келген.

Ол Павлодарда туған. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын (1966) және КСРО ҒА жанындағы Мәскеу халықаралық экономикалық қатынастар институтының аспирантурасын (1970) бітірген.

Еңбек жолы: КСРО-ның Порт-Саидтегі консулдығының кезекші референті (1963-1964); Қазақ КСР ғылым академиясының экономика институтында кіші ғылыми қызметкер (1970-1974); Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінде бас хатшы (1974-1975); Йемен Араб Республикасындағы КСРО елшілігінде 2-хатшы (1975-1980); Қазақстан КП ОК-де, Қазақ КСР СІМ-де жауапты қызметкер (1980-1985); Йемен Халық Демократиялық Республикасында бас консул, кеңесші (1985-1989); Қазақ КСР СІМ-де жауапы қызметкер, ҚР сыртқы экономикалық қатынастар министрінің бірінші орынбасары (1989-1993); Қазақстанның Египеттегі Төтенше және өкілетті елшісі (1993-1999) және Марокко, Тунис, Алжир, Иордания, Сирия, Ливия елдеріндегі Төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін қоса атқарушы, Ислам Конференциясы ұйымындағы ҚР-ның тұрақты өкілі (1996-1999); Қазақстанның Малайзиядағы Төтенше және өкілетті елшісі (1999 - 2001). «Нұр Отан» партиясы төрағасының кеңесшісі (2003-2005); ұлттық-патриоттық «Ұлт тағдыры - ел тағдыры» қозғалысының төрағасы (2005- өмірінің соңына дейін).

73 жыл бұрын (1946) киносценарист, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері  Сатыбалды (Сәкен) Жәлелұлы НАРЫМБЕТОВ дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданында туған. Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын, КСРО Мемлекеттік кино жанындағы сценарист және режиссердің жоғары курстарын бітірген.

1969 жылдан "Қазақфильм" студиясында сценарийші әрі кинорежиссер ретінде қызмет етті.

1970 жылдан - «Қазақфильм» киностудиясының кинорежиссері.

2005 жылдан бері «Қазақфильм» киностудиясының кино және дебют шығармашылық одағының жетекшісі.

Фильмографиясы: «Созақтан шыққан Гамлет» (режиссёр), «Қарасуық» (сценарист), «Жас аккордионистің басынан кешкендері» (режиссёр-сценарист), «Омпа», «Қыз жылаған» (режиссёр, сценарист), «Лейланың дұғасы» (режиссёр-сценарист), «Мұстафа Шоқай» (режиссер), «Аманат» (режиссёр-сценарист).

«Құрмет» орденімен марапатталған. «Киношок» сыйлығының «Режиссура үшін сыйлығы» 1994 жылғы номинациясының лауреаты, ТМД және Балтық елдерінің ашық кино фестивалінің «Реализм мен адамгершілік үшін» сыйлығының иегері, Жорж Садуль сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

55 жыл бұрын (1964) «ҚР Ұлттық банкінің банкнот фабрикасы» РМК директоры Батырбек Асылбекұлы ӘЛЖАНОВ дүниеге келді.

1986 жылы Алматы  шет тiлдерінің  педагогикалық институтын «Немiс және ағылшын тiлдерi» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1997 жылы Ресей Федерациясы үкіметі жанындағы Қаржы академиясын «банк ісі» мамандығы бойынша аяқтаған. 1992 жылдан 2005 жылға дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінде экономист, жетекші экономист, Валюталық-экономикалық қатынастар бас басқармасының корреспонденттік қатынастарды есепке алу бөлімінің бас экономисі, корреспонденттік қатынастар және дилинг операциялары басқармасының бастығы, валюталық шоттар басқармасы бастығының орынбасары, корреспонденттік қатынастар және халықаралық есептер басқармасының бастығы, директор орынбасары, Монетарлық операциялар департаментінің директоры қызметтерін атқарған. 2005-2011 жылдары ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары. Қазіргі қызметінде 2014 жылдан бері.

49 жыл бұрын (1970) Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бақыт Амангелдіұлы ДҮЙСЕНБАЕВ дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. Қазақстан Республикасының Испаниядағы елшілігінің бірінші хатшысы; ҚР СІМ Еуропа басқармасының бастығы, Еуропа және Америка департаменті директорының орынбасары (2004); ҚР-ның Испаниядағы елшілігінің кеңесшісі, кеңесші-елшісі (2004-2009); ҚР СІМ Еуропа және Америка департаменті директорының орынбасары (2009-2012); Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі (2012-2018); Қазақстан Республикасының Андорра князьдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы (2015-2018).

Қазіргі қызметіне 2018 жылғы сәуірде тағайындалды.