8 vs 6: жұмыс уақытын қысқартқысы келетіндер нені білуі керек
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Бала күтімі, денсаулығына немесе жеке жағдайларға байланысты кеңседе отыру қиын болса, жұмыс уақытын қысқартуға болады.
Мұндай мүмкіндікті жұмыс берушімен қалай дұрыс келісуге болады? Заң бойынша бұл құқықты кімдер талап ете алады және жалақы қалай есептеледі? Бұл сұрақтарға ҚР Кәсіподақтар федерациясының бас сарапшысы Майра Боранбаева жауап берді.
— Еңбек кодексінің 70-бабына сәйкес толық емес жұмыс уақыты еңбек шарты жасалған кезде де, жұмыс істеп жүрген кезде де жұмысшы мен жұмыс берушінің жазбаша келісімімен белгіленуі мүмкін. Күнделікті жұмыс уақытын қысқартуға болады. Мысалы, 8 сағат емес, 6 сағат жұмыс істеу дегендей. Жұмыс аптасындағы жұмыс күндерінің санын азайтуға болады. Мысалы, аптасына 5 күннің орнына 4 күн жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Екеуін де қатар қолдануға болады. Ол кезде әрі күнделікті жұмыс уақыты, әрі жұмыс күндерінің саны қысқарады, — деді Майра Боранбаева.
Ең бастысы, толық емес жұмыс уақытына көшу жұмысшының басқа еңбек құқығына қайшы келмейді. Жыл сайынғы еңбек демалысының күні қысқармайды, еңбек өтілі де есептеледі.
— Алайда жалақы жұмыс істеген уақытқа төленеді. Ең маңыздысы, осы. Дегенмен жағдайға байланысты жұмыс уақытын жайлы етіп алғысы келген адам үшін бұл тиімді мүмкіндік болары анық. Толық емес жұмыс уақыты белгіленген кезде жалақы жұмыс істелген уақытқа немесе орындалған жұмыс көлеміне қарай пропорционалды түрде төленеді. Егер жұмысшы жүкті әйел, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-ананың бірі немесе бала асырап алушы болса, медициналық қорытынды бойынша отбасының науқас мүшесіне күтім жасап жүрсе және жазбаша өтініш берсе, жұмыс беруші оған толық емес жұмыс уақыты режимін белгілеуге міндетті. Онда да жұмысшының өзі өтініш берсе ғана, — деді ол.
Еске салайық, бұған дейін елімізде еңбек адамының құқығы қалай қорғалып жүргені туралы жазғанбыз.