8 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1990 жылы ҚазКСР мемлекеттік комиссиясы «Целинтрансстрой» тресі салған қазіргі Астана қаласындағы ескі теміржол вокзалын пайдалануға беру туралы актіге қол қойды.
1992 жылы Еуропа Одағы комиссиясы мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасында Қаржыландыру туралы меморандумға қол қойылды.
1999 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Ақмола облысының орталығы Астана қаласынан Көкшетауға көшірілді.
2005 жылы Алматыда Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің «Тәуелсіз Қазақстанның шақалары» атты фотокөрмесі өтті. Көрмеге қойылған жәдігерлердің қатарында «Қызыл кітап», «Номадтар алтыны», «Тарихи-сәулет ескерткіштері», «Қазақстанның қызыл кітабы», «Спорт», «Көне Түркістан» сериялары бойынша шыққан шақалардың суреттері бар.
2008 жылы Мәскеудегі Қазақстан Елшілігінде «Ресей қазақтары» кітабының таныстырылымы өтті. Хронологиялық қағида бойынша құрастырылған екі томдық жинаққа 600-ден астам өмірбаяндық анықтамалар енгізіліп отыр.
Мұрағат материалдарына, анықтамалық-энциклопедиялық әдебиетке, жеке сауалдарға негізделген бұл кітапта әр жылдары Ресейде тұрған, сондай-ақ қазір де сонда тіршілік кешіп жатқан ұлты қазақ айрықша тұлғалар таныстырылады. Кітап нақты бір адамның тағдыры арқылы жаңа дәуірде Қазақстан мен Ресей аумақтарында болған тарихи және көші-қон үдерістерін қадағалауға мүмкіндік береді. Жоғарыда аталған үдерістердің барысында Ресейде қомақты қазақ диаспорасы қалыптасып, бүгінде онда 1 миллионнан астам қазақ тұрып жатыр.
2010 жылы Тель-Авивте отандық мәдениет тарихында алғаш рет бағдарламасы толықтай қазақ композиторларының туындыларынан құралған Израиль симфониялық оркестрінің концерті өтті.
2010 жылы Алматыда қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қатар жарық көрген «Абайдың қара сөздері» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Абай еңбегін орыс тіліне аударған – Клара Серікбаева. Ал, ағылшын тіліне түркітанушы Ричард Маккейн аударды.
Кітапты шығарудағы басты мақсат – қазақтың ұлы ақыны Абайдың шығармаларын әлемге таныстыру. Аталмыш кітапты «Халықаралық Абай клубы» қоғамдық бірлестігі 4000 данамен шығарды.
2014 жылы Шығыс Қазақстан облысының Зырян және Аягөз қалалары аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызылды. Тиісті Жарлыққа Қазақстан Президенті қол қойды.
2016 жылы Қазақстанның Ұлттық музейінде «Мәскеу теңге сарайының күміс маркаларындағы Мекке» атты бірегей көрме ашылды. Түпнұсқа әлемнің 24 ислам елі шығарған пошта маркалары болды: Ауғанстан, Алжир, Иран, Ирак, Иордания, Кувейт, Ливия, Малайзия, Сауд Арабиясы, БАӘ, Сирия және басқалары. Қасиетті Меккеге арналған 40 маркадан тұратын коллекцияның үлгілері эксклюзивті технология бойынша 999 сынамалы күмістен жасалған.
2017 жылы қазақстандық дзюдошылар Отгонцэцэг Галбадрах (48 келі) пен Ғұсман Қырғызбаев (60 келі) Анталияда өткен халықаралық Grand Prix турнирінде екі алтын медальға қол жеткізді. Жарысқа 34 мемлекеттен 252 спортшы қатысқан болатын.
2019 жылы Целиноград ауданының Ақмол ауылындағы «Рухани жаңғыру» мәдениет және демалыс саябағында «Ұлы даланың ұлы есімдері» Даңқ аллеясының салтанатты ашылуы болып өтті. Аллеяда Күлтегін, Қожа Ахмет Ясауи, танымал мемлекеттік қайраткерлер Тәуке хан, Абылай хан, Сұлтан Бейбарыс, Кенесары Қасымов, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, атақты ғалымдар әл-Фараби, Шоқан Уәлиханов, жазушы, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жамбыл Жабаевтың портреттері орнатылған.
2022 жылы Димаштың әндері Жапонияның ең ірі университетінің Тhe Open University of Japan оқу бағдарламасына енгізілді.
2022 жылы Алматы музейінде атақты актер Асанәлі Әшімовтің шығармашылығына арналған «Абызға айналған Асанәлі» көрмесі өтті.
Іс-шара барысында Асанәлі Әшімов Алматы музейінің қорына жеке мұрағатынан бірқатар зат тапсырды. Бұл – Асанәлі Әшімовтің 70 жылдығына арналған кітаптар мен журналдар жинағы, сандық фильмдер жинағы. «Янтарь» шахмат сағаты, Абай бюсті, плакаттар мен буклеттер, Ә. Нұрпейісовтың «Асанәлі Әшімов» және «Қан мен Тер» стереопластинкалары және т.б.